Malim.kz
Оқиға

ШҚО-дағы өртті сөндіруге бес тікұшақ тартылды

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

ШҚО-да орман өртімен күреске 220 адам мен 43 техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданындағы Асу-Бұлақ орман шаруашылығында табиғи өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр. Өрт орман төсенішіне, құрғақ шөп пен ағаштарға таралған.

Кейбір ошақтарға жердегі топтардың жетуі қиын. Құтқарушылардың жұмысына таулы жер, жолдардың болмауы, аптап ыстық және желдің бағытының жиі өзгеруі кедергі келтіріп отыр. Бұл өрттің таралу бағытын жылдам өзгертуі мүмкін.

Өрт орнында жағдайды бақылау және күштерді үйлестіру үшін жедел штаб құрылды. Мамандар жердегі бөлімшелер мен авиацияның жұмысын үйлестіріп, әрі қарайғы іс-қимылды анықтап жатыр.

Өртті сөндіруге шамамен 220 адам және 43 техника жұмылдырылған. Операцияға Төтенше жағдайлар министрлігінің, «Қазавиалесоохрана» мекемесінің, ҰҚКД мен жергілікті атқарушы органдардың күштері қатысуда.

Техника бара алмайтын учаскелерде өрт әуеден сөндіріліп жатыр. Операцияға ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» қызметінің бес тікұшағы, сондай-ақ ШҚО әкімдігі мен ҰҚКД авиациясы тартылған. Әуе кемелері су төгетін құрылғылармен жабдықталған.

Авиация өрт басталғаннан бері 100 рет су төгіп, ошақтарға 288 тонна су жеткізді.

Өртті сөндіру жұмыстары жалғасып жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары