Бұл туралы orda.kz басылымы жазыпты.
Астаналық Асхат Оспанов деген стоматолог алаяқтық әрекеттің құрбаны болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, белгісіз біреулер оның сыртынан несие рәсімдеп алыпты.
Асхат Оспанов ешқандай құжатқа қол қоймағанын, банкке бармағанын және электронды-цифрлық қолтаңба шығаруға пәрмен бермегенін айтады. Эмоцияға толы үндеуінде ол Kaspi банкті және оның басшысы Михаил Ломтадзегі тікелей айыптайды.
- Қалтама тап сіздер қол сұқтыңыздар. Мен бұл ақшаны алған жоқпын. Биомтериядан өткен жоқпын, ЭЦҚ шығартқан жоқпын. Менің денсаулығым сыр бере бастады, қазір дәрі-дәрмектің күшімен тұрмын. Салық пен алиментті уақтылы төлей алмай отырмын, -
дейді ол.
orda.kz басылымы Асхат Оспановтың басындағы жағдай ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Мұрат Әбеновтің жазбасынан кейін белгілі болғанына нұсқайды. Депутат өзі мен тағы бір депутат Бақытжан Базарбек ұйымдастырған кездесуге 40-шақты адамның келгенін айтады. Олар өз ықтиярынсыз сыртынан несие рәсімделгеніне шағымданыпты.
Депутаттың айтуынша, ол қылмысқа көп жағдайда банк қызметкерлерінің қатысы болған. Олар алаяқтармен қойын-қолтық жұмыс істеген. Жапа шеккендер банкпен байланысы болмаған және ешқандай келісім-шарт жасаспаған. Банк қол қою процедурасын жеке идентификациялық компаниялардың көмегімен өткізген, ал азаматтардың жазбаша рұқсатын алмаған.
- Сайып келгенде - бұл жалған құжат жасау, -
дейді депутат.
Оның үстіне, көп жағдайда қарыз жүктемесі шамадан тыс болып кеткен. Банк клиенттердің табысы мен әлеуетін тексерместен несие рәсімдей салған. Депутат Әбеновтың айтуынша, бұл жағдайда Ұлттық банктің осындайға тосқауыл болуы тиіс антифрод-жүйесі де жұмыс істемеген. Ол жүйе күмәнді операцияларға және несие беруге бір уақытта жасалатын бірнеше өтінішке тосқауыл болуы тиіс еді.