Malim.kz
Құқық

Стоматологиядағы 3 жасар қыздың өлімі: Прокурор анестезиологты жазадан босатуды сұрады

Айбын Атабай
Скриншот

Астанада тіс емдетіп жатып көз жұмған 3 жарым жастағы Зере Есентайдың өліміне қатысты сот отырысында прокурор Конституцияның 30 жылдығына байланысты анестезиологты жазадан босатуды ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.

"2025 жылғы 23 маусымдағы Конституциясының 30 жылдығына байланысты "Рақымшылық туралы" Заңның 2-бабының 1-тармағына сүйене отырып, тағайындалған негізгі жазадан босатуды ұсынды. Себебі жоғарыда аталған заңның талаптарына сәйкес, жеңіл қылмыс жасаған адам негізгі жазадан босатылады", – деп қосты прокурор.

Ол денсаулық сақтау министрлігінің анестезиологиялық көмек көрсету туралы бұйрығында анестезиологқа қарсы көрсетілімдер нақты көрсетілмегенін, сондай-ақ реаниматологтың қан анализін түсіндірудегі міндеттерін реттемейтінін қосты.

Бүгін анестезиолог Аида Жұмағалиеваға Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-бөлігі “Медицина қызметкерінің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы, немқұрайлық салдарынан науқастың өліміне әкеп соқты” деген айып тағылды. Рақымшылық мәселесін көтерсе де, прокурор Еркебұлан Шалқаров заң бойынша наркоз жасаған анестезиолог Аида Жұмағалиеваға 4 жыл бас бостандығынан айыру жазасын және 3 жыл медициналық қызмет көрсетуге тыйым салуды сұрады.

Ол анестезиолог қыздың бірнеше көрсеткіші қалыптан тыс болған нашар тест нәтижелерін көре тұра, тіс емдеу үшін наркоз бергенін атап өтті.

"Жұмағалиева науқастың жағдайының ауырлығын бағаламай, 4 сағат 30 минут бойы Севаран беру арқылы өз әрекеттерін жалғастырды", – деді прокурор.

Прокурордың сөзінше, анестезиологтың әрекеті балада ақырында гипоксия мен ми ісінуі салдарынан өлімге әкеп соққан.

Айта кетейік, дәл осы іс бойынша 25 қараша күні өткен сотта 3,5 жастағы Зере Есентайға көрсетілген емдеу сәті түсірілген кадрлар көрсетілген еді. Прокурор Еркебұлан Шалқаров сотта сарапшылардың қорытындысына сәйкес балаға тіс емдеу толық алдын ала тексерусіз жүргізілгенін мәлімдеді. Анестезиолог кінәлі деп танылса, оған үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.

Еске салсақ, бұған дейін Астанада 3 жасар қыз тіс емдетіп жатып көз жұмғаны туралы жазғанбыз. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары