Malim.kz
Экономика

«Стоп-кредит» қызметін 6,3 млн адам пайдаланған

Айбын Атабай
Фото: Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі азаматтарды қаржылық алаяқтықтан қорғауға арналған «Стоп-кредит» қызметін пайдалану тәртібін еске салды, деп хабарлайды Malim.kz.

Ведомствоның мәліметінше, әрбір азамат өз атына банктік қарыздар мен микрокредиттерді ресімдеуге ерікті түрде тыйым сала алады. Бұл қызмет eGov.kz порталында және eGov Mobile мобильді қосымшасында қолжетімді.

Қызметті компьютер арқылы қосу үшін egov.kz порталындағы жеке кабинетке кіріп, «Сервистер» бөлімінен «Банктік қарыздар, микрокредиттер алудан ерікті түрде бас тарту» қызметін таңдау қажет. Одан кейін электрондық нысанды толтырып, өтінімге электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қою керек. Қызмет нәтижесі «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінде көрсетіледі.

eGov Mobile қосымшасы арқылы қызметті пайдалану үшін басты беттегі «Танымал қызметтер» бөлімінен «Қарыздар мен микрокредиттерден бас тарту» сервисін таңдап, қажетті деректерді енгізіп, өтінімді ЭЦҚ арқылы растау жеткілікті.

"Қызмет іске қосылғаннан кейін азаматтың кредиттік тарихында қарыз алуға тыйым салынғаны туралы белгі пайда болады. Бұл ақпарат кредиттік бюролар арқылы банктер мен микроқаржы ұйымдарына қолжетімді болады. Егер белгіленген тыйымға қарамастан азаматтың келісімінсіз қарыз ресімделсе, мұндай қарыз есептен шығаруға жатады", – деп мәлімдеді агенттік.

Сондай-ақ ведомство қажет болған жағдайда азаматтардың бұл шектеудің күшін кез келген уақытта алып тастай алатынын атап өтті. Алайда аталған тыйым кредиттік бюролардың деректерін пайдаланбайтын ломбардтар мен өзге де ұйымдарға қолданылмайды.

"2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша «Стоп-кредит» сервисі 6,3 миллион рет пайдаланылд", – деп хабарлады агенттік.

Агенттік қаржылық сауаттылыққа қатысты өзге де пайдалы материалдар Fingramota.kz сайтында қолжетімді екенін мәлімдеді.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары