Malim.kz
Экономика

Суды үнемдеп, өнімді көбейткен өңір: Қызылорда тәжірибесі

Ереке Базарқұл
ФОТОЛАР: ©Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласы тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биыл өңірдегі ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 234,8 млрд теңгеге жетті. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада өткен Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте мәлімдеді.

Аймақ басшысының айтуынша, қазіргі таңда жалпы құны 6,4 млрд теңге болатын 9 аграрлық жоба іске қосылған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. 2022–2024 жылдары өңірдің машина-трактор паркі 21,8 млрд теңгеге сатып алынған 647 техникамен жаңартылса, биыл 4,7 млрд теңгеге тағы 139 ауыл шаруашылығы техникасы алынған.

Дер кезінде қабылданған басқарушылық шешімдердің арқасында егіс алқаптары толық сумен қамтамасыз етіліп, өнімді шығынсыз жинап алуға мүмкіндік жасалды. Президент тапсырмасына сәйкес Қызылорда облысына Премьер-министр бастаған Үкімет делегациясы арнайы келіп, шаруалардың жағдайымен және егіс науқанының барысымен танысты. Сонымен қатар Төтенше жағдайлар министрлігі еліміздің түрлі өңірлерінен 139 маманды жұмылдырып, екі ай бойы егіс алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарды.

Үкімет резервінен 53 насос қондырғысын сатып алуға қаржы бөлініп, бұл шаралар егін жинау науқанын ойдағыдай аяқтауға ықпал етті. Биыл өңірде 189,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 80,9 мың гектар күріш алқабынан әр гектардан 58,1 центнер өнім алынып, жалпы көлемі 470 мың тоннаға жуық астық жиналды.

Су ресурстарын тиімді пайдалану мақсатында өңірде заманауи технологиялар кеңінен енгізілуде. Биыл күріш алқаптарының 60 мың гектары лазерлік тегістеуден өткізіліп, суды үнемдеу және өнімділікті арттыруға қол жеткізілді. Су үнемдеу технологиялары 8,1 мың гектарға енгізіліп, бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артты. Шиелі, Қазалы және Арал аудандарында шетелдік компаниялардың қатысуымен су үнемдеу әдістерін қолдана отырып, жүгері мен жоңышқа егуді көздейтін үш ірі жоба жүзеге асырылуда.

Егін шаруашылығын әртараптандырып, су үнемдеу технологияларын енгізіп отырған шаруашылықтарды қолдау үшін алдағы үш жылда 34 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, өңірде суды көп қажет ететін дақылдар көлемі оңтайландырылып, оның орнына ылғалға төзімді әрі нарықта сұранысқа ие жүгері мен майлы дақылдар егісі ұлғайтылмақ.

Осы бағытта Қызылорда крахмал-сірне зауытының жобасы 2025–2029 жылдар аралығында екі кезеңмен іске асырылады. Алғашқы кезеңде жүгеріні кептіру кешені, екінші кезеңде терең өңдейтін зауыт салынады. Жоба үшін 35 гектар жер бөлініп, 10 мың гектарға дәндік жүгері егу бойынша шаруалармен келісім жасалған.

Сонымен қатар швейцариялық «Harvest Group» компаниясымен бірлесіп, 21 мың гектарға техникалық қарасора, жүгері және соя егу жоспарланып, агроиндустриялық кластер құру көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңірдің ауыл шаруашылығын әртараптандырып, саланың жаңа деңгейге көтерілуіне серпін бермек.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары