Malim.kz
Оқиға

Швейцарияда Назарбаеваға қатысты компания таратылды

Айгүл Таңатар
xaqmedia.kz

Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаеваға тиесілі болған Kerfuffle AG компаниясы 2026 жылдың маусым айында Швейцарияның ресми компаниялар тізілімінен біржола шығарылды, деп хабарлайды Malim.kz.

Компанияның жабылуы бұған дейін Цюрих көлінің жағасында аса бай клиенттерге арналған элиталық клиника салу жобасының аяқсыз қалуымен байланысты.
Швейцариялық Tages-Anzeiger басылымының 2021 жылғы зерттеуінде бұл жобаға шамамен 350 млн швейцар франкін инвестициялау жоспарланғаны айтылған. Басылымның мәліметінше, жобаға тартылған швейцариялық кардиолог кейін қарызға батып, өзіне қол жұмсаған. Оның кредиторларының бірі ретінде Kerfuffle AG компаниясы да аталған.
Материалда бұған дейін де Әлия Назарбаеваның шетелдегі қаржы операциялары дау тудырғаны жазылған. Атап айтқанда, Лондонда бұрынғы қаржы кеңесшілерімен өткен сот процесінде 2005 жылы Қазақстаннан 312 млн доллардың шетелге шығарылғаны, кейін бұл қаражаттың бір бөлігі ұшақ, Лондондағы жылжымайтын мүлік және басқа да активтерді сатып алуға жұмсалғаны туралы мәліметтер жария болған.
Айта кетейік, бұл ақпараттар шетелдік БАҚ-та жарияланған зерттеулер мен сот құжаттарына негізделген. Әлия Назарбаева бұл мәселелерге байланысты өз ұстанымын жария түрде білдірген емес.

Айгүл Таңатар
Автордың басқа материалдары