Астанада Президенттік «Алтын сапа» сыйлығы мен «Қазақстанның үздік тауары» республикалық байқауының жеңімпаздары анықталды. Шығыс Қазақстан облысының кәсіпорындары өңірдің жоғары сапа стандарттарын қалыптастырып, заманауи технология енгізуге және ұлттық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін тағы да дәлелдей алды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ғимаратында Қазақстан Республикасы Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын тапсыру онлайн-рәсімін тамашалау ұйымдастырылды. Қатысушылар Мемлекет басшысының үндеуін тыңдады. Қасым-Жомарт Тоқаев отандық тауар өндірушіні қолдау, инновацияларды енгізу және сапа мәдениетін дамыту – ел экономикасының тұрақты өсімінің негізгі шарттары екенін атап өтті.
Президент өз сөзінде:
- Бүгін - еліміздің бүкіл бизнес-қауымдастығы үшін маңызды күн. «Алтын сапа», «Парыз» және «Қазақстанның үздік тауары» байқауларының жеңімпаздарын шын жүректен құттықтаймын. Әрбір кәсіпкердің табысы - біздің ортақ жетістігіміздің айқын көрінісі. Сіздер еліміздің экономикалық дамуына және азаматтардың әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосып отырсыздар. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілікті терең сезініп, қайырымдылық жобаларға белсенді қатысуын ерекше бағалаймын. Мемлекет әрдайым қолдауға дайын. Биылғы 29 қазан ресми түрде Қазақстан кәсіпкерлерінің күні болып бекітілді. Сондай-ақ, «Мейірім» ордені тағайындалды, ол әлеуметтік жауапкершілік пен қайырымдылықта көзге түскен кәсіпкерлерге беріледі, –
деді.
Рәсімнен кейін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов сөз сөйледі. Ол «Алтын сапа» сыйлығы өңір кәсіпорындарын басқарудың заманауи стандарттарын енгізуге, бәсекеге қабілетті арттыруға және өндірісті кеңейтуге ынталандыратынын атап өтті. Әкімнің айтуынша, облыста жыл сайын марапатқа үміткер болуға лайықты өндірістік және инновациялық әлеует бар.
- Біздің өңірдің компаниялары түрлі номинациялар бойынша жеңімпаз атанып келеді. Өндірістің дамуына, өнім сапасын арттыруға және Шығыс Қазақстанның инновациялық әрі тұрақты бизнестің өңірі ретінде қалыптасуына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс білдіреміз. Президент атап өткендей, нағыз «Адал азамат» өзінің жеке табысы үшін ғана емес, туған өлкесінің игілігі үшін де еңбек етеді. Бұл – «Алтын сапа» ұлттық сыйлығының негізгі философиясы, –
деді Нұрымбет Сақтағанов.
Әкім кәсіпкерлерге адал еңбегі, жаңа идеялары және жауапты ұстанымы үшін алғыс білдіріп, табыс тіледі.
«Алтын сапа» сыйлығы жыл сайын өнімі мен қызметінің сапасы жоғары отандық кәсіпорындарға беріледі. Байқау үш санат және төрт номинация бойынша өткізіледі. Сонымен қатар «Үздік индустриялық жоба» және «Үздік инновациялық жоба» деген арнайы марапаттары бар. Лауреаттар диплом, эмблема, ақшалай сыйлық және төрт жыл бойы жеңімпаз таңбасын пайдалану құқығына ие болады.
Биыл ШҚО атынан «Эмиль», «Алтай-МП», «Өскемен құс фабрикасы», «Силумин-Восток» және «IZOTERM» компаниялары қатысты.
Шығыс Қазақстандық жеңімпаздарды атап өтсек.
«Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауарлар»:
- «SP Jet» ЖШС (Өскемен)
- «IZOTERM» өндірістік-технологиялық компаниясы (Глубокое)
- «Профиль» ӨКФ (Өскемен)
«Халық тұтынатын ең үздік тауарлар»:
-
«АЛЬЯНС-MEDICA»
-
«Альприма» (Өскемен)
-
ИП «Эльмира Есманбек» (Күршім ауданы)
-
«Үздік азық-түлік тауарлары»:
- «Эмиль»
- «Айтас-МП» (Катонқарағай ауданы)
- ИП «АС»
Сонымен қатар, «Адал Азамат» және «Ұлы Дала Елі» марапаттарының иегерлері анықталды. Олар: «Бұқтырма уылдырық өсіру шаруашылығы» мен «IZOTERM» компаниясы.
«Альприма» компаниясының директоры Андрей Дегунков:
- Екінші рет қатысып отырмыз. Өңірде үздік атанғанымыз - дұрыс бағытта келе жатқанымыздың дәлелі. Бұл марапат кәсіпкерлер үшін үлкен ынталандыру, –
деді.
«АЛЬЯНС-MEDICA» компаниясының жетекшісі Вячеслав Журавлев былай дейді:
- Мемлекет отандық өндірушілерді қолдайтыны қуантады. Медициналық бұйымдар шығарамыз, ассортиментті кеңейтіп жатырмыз. Жақында медициналық мақта өндірісі іске қосылады.