Malim.kz
Саясат

Шығыс Қазақстан облысы әкімінің жаңа орынбасары тағайындалды

Мадияр Қапанбек
Айдар Садырбаев. Фото: gov.kz

Айдар Садырбаев Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметіне тағайындалды. Ол жаңа лауазымында өңірдің әлеуметтік саласына, ішкі және ақпараттық саясат бағыттарына жетекшілік етеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Өңір әкімдігінің мәліметінше, Айдар Серікқазыұлы Садырбаев Президент әкімшілігінің келісімімен және Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың өкімі негізінде қызметке кіріскен.

Облыс әкімі жаңа орынбасарын ұжымға таныстырып, алдағы жұмысына сәттілік тіледі.

Айдар Садырбаев 1986 жылғы 25 қыркүйекте бұрынғы Семей облысының Жаңасемей ауданына қарасты Новопокровка ауылында дүниеге келген.

2009 жылы Қазақ инновациялық гуманитарлық-заң университетін "Тарих" мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын сол жылы Бородулиха ауданындағы Переменовка ауылының орта мектебінде мұғалім болып бастаған.

Әр жылдары Бородулиха ауданы мен Семей қаласының ішкі саясат бөлімдерінде нұсқаушы, жетекші және бас маман, бөлім басшысының орынбасары және басшы қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар Семей қаласы әкімінің орынбасары, AMANAT партиясының облыстық филиалының төрағасы, Абай және Шығыс Қазақстан облыстары ішкі саясат басқармаларының басшысы болған.

Енді Айдар Садырбаев Шығыс Қазақстан облысының әлеуметтік блогына, ішкі және ақпараттық саясат мәселелеріне жауап береді.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары