Malim.kz
Экономика

Шығыс Қазақстанда триллиондық инвестициялық портфель қалыптасты

Ереке Базарқұл
© kazzinc.com

Биыл Шығыс Қазақстан облысында жалпы құны 55 млрд теңгені құрайтын 15 инвестициялық жобаны іске қосу көзделіп отыр. Бұл бастамалар өңірде 400-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов Астанада өткен өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму жөніндегі есеп беру барысында мәлімдеді.

— Қазір біз өңірдің жаңартылған инвестициялық құрылымын қалыптастырып жатырмыз. Портфельде құны бір триллион теңгеден асатын 81 жоба бар. Соның 64-і белсенді жүзеге асырылуда. Биыл 55 млрд теңгенің 15 жобасын іске қосуды жоспарлап отырмыз, нәтижесінде 400-ден астам жұмыс орны ашылады, —

деді әкім Орталық коммуникациялар қызметінде.

Сақтағановтың айтуынша, қыркүйекте өткен «Алтай Инвест» форумы өңірдің инвестициялық әлеуетін айтарлықтай арттырды. Шараға 10 елден 300-ден астам қатысушы келіп, форум қорытындысы бойынша жалпы сомасы 740 млрд теңгені құрайтын 40 меморандумға қол қойылды.

Өңірдің инвестициялық саясатының басты бағыты – тау-кен металлургия саласын дамыту. Осы бағытта жаңа кен орындарын игеру және барланған ресурстарды айналымға енгізу жоспарланып отыр.

— Тарбағатай ауданында тау-кен байыту комбинатын салу жобалары, сондай-ақ Ұлан ауданында «Алатау Литий» және Krida Corporation компанияларының жобаларын жүзеге асыру жоспарланған. Сонымен қатар техногендік әдіспен шикізат өндіру қолға алынды. Бұл бұрын қол жетпеген қорларды игеруге және ескі қалдық қоймаларынан бағалы металдарды алуға мүмкіндік береді, —

деді өңір басшысы.

Сонымен бірге, Шығыс Қазақстан атом энергетикасы саласы үшін негізгі отын жеткізушілердің бірі болмақ. «Үлбі-ТВС» кәсіпорны отын жинақтарын өндіру бойынша жобалық қуатына шыққан.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары