Malim.kz
Экономика

Шымбұлақта қысқы туристік маусым ресми басталды

Ереке Базарқұл
© Алматы қаласының әкімдігі

Алматы жыл бойы туристерді өзіне тартатын ірі орталық ретінде танылып келеді. Әсіресе таулы аймақтарға қызығушылық маусымға тәуелді емес – жазда да, қыста да туристер легі бәсеңдемейді. 

Ресми мәлімет бойынша, 2025 жылдың қаңтар-қараша аралығында Іле-Алатау ұлттық саябағына 901 мың адам барған. Ал қаңтар–қазан айларында Shymbulak тау-шаңғы курортына 1,1 млн турист келген. Тек 2025 жылдың жазының өзінде Shymbulak 450 мыңнан астам қонақты қабылдаған.
Бұл деректер қала маңындағы таулы кластерге деген сұраныстың жыл бойы жоғары екенін айқын көрсетеді.

Shymbulak – маусымның басты нысаны

Қысқы демалыстың негізгі нүктесі ретінде дәстүр бойынша Shymbulak тау-шаңғы курорты саналады. 6 желтоқсанда курорт жаңа маусымды салтанатты түрде ашты. Орталық Азиядағы жетекші тау шаңғысы аймақтарының бірі саналатын Shymbulak өткен маусымда 1,5 млн адамды қабылдаған еді.
Халықаралық басылымдар Shymbulak-ты әлемдегі үздік бес тау шаңғысы бағытының қатарына қосқанын атап өткен жөн.

Жаңа ұсыныстар мен маршруттар

Биылғы жылғы маусым Shymbulak үшін мазмұны бай бағдарлама мен жаңа форматтағы іс-шаралармен ерекшеленбек. Le Mont алаңында әр сенбі сайын күндізгі après-ski ұйымдастырылады. Бүгінде Талғар, Жасыл Алаң, Ақ Аю және Ақбарсық трассалары ашық.
Ал алдағы кезеңде ауа райы тұрақты салқындаған сәттен бастап қосымша беткейлер мен Талғар асуындағы түнгі сырғанау аймақтары қолжетімді болады.

Халықаралық туристер легі артуда

2025 жылдың үш тоқсанында Алматыға келген шетелдік туристер саны 563 мың адамды құрады. Жыл соңына қарай бұл көрсеткіш 750 мыңға дейін жетуі мүмкін деген болжам бар.
Осы тенденцияға байланысты Shymbulak халықаралық қонақтарды қабылдауға толық дайын екенін мәлімдеді: оларға - бес ай бойы созылатын маусым, дамыған инфрақұрылым және таудағы демалысқа арналған кең бағдарламалар ұсынылады.

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары