Malim.kz
Құқық

Шымкент металлургия зауытындағы рейдтен соң инвесторлар Тоқаевтан көмек сұрады

Айбын Атабай
BAQ.kz

Шымкент қаласындағы ірі өндіріс орны - металлургия зауытының төңірегінде дау туды, деп хабарлайды Malim.kz. Vera.kz ютуб арнасында жарияланған видеода осы кәсіпорынға келген инвесторлар Қазақстан Президентінен көмек сұрады. "Синь Юань Стиль» ЖШС-нің иелері Қасым-Жомарт Тоқаевтан өз құқықтары мен мүдделерін қорғауды өтінген.

Шымкенттегі ірі металлургиялық кәсіпорынның жұмысы Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының (УБОП) қызметкерлері тарапынан тоқтатылған. Кәсіпкерлердің айтуынша, 6 мамыр күні сағат 17:57-де Шымкент қалалық Полиция департаментінің УБОП қызметкерлері сот санкциясын көрсетпестен және құқықтық негіздерін түсіндірместен өнеркәсіптік кәсіпорын аумағына кіріп кеткен.

Полицейлер өз әрекеттеріне негіз ретінде Өзбекстан Республикасындағы белгісіз бір адамның қоңырауын атаған. Ол адам кәсіпорын аумағында еңбек мигранттарын күштеп ұстап, ұрып-соғып, тегін жұмыс істеуге мәжбүрлеп жатыр деген ақпарат берген. Алайда бұл мәліметтің шындыққа жанаспайтынына көз жеткізгеннен кейін де, УБОП қызметкерлері шамамен 80 адамды ұстап, барлығын арнайы қабылдау орнына алып кеткен. Қазіргі уақытқа дейін олардың 20-сы сол жерде қалып отыр.

Солардың ішінде металлургиялық кәсіпорынның әлеуетті екі серіктесі де бар. Олар зауыттың өндірістік қуатын кеңейтуге 30 миллион АҚШ доллары көлемінде инвестиция салуды жоспарлаған. Зауыт иелерінің айтуынша, ұсталған қызметкерлердің Қазақстан аумағында болуына қажетті визалары мен барлық рұқсат құжаттары болған.

Қытайлық инвесторлардың мәліметінше, ұсталған 20 адамның төлқұжаттары Алматы қаласының көші-қон қызметі басқармасында жатыр, себебі құжаттар визаны ұзарту рәсіміне тапсырылған. Алайда кәсіпкерлердің сөзінше, Шымкент полицейлері бұл ақпаратты Алматыдағы әріптестерінен сұратуға әрекет жасамай отыр.

Зауыт иелері қалыптасқан жағдайға араласуды Қазақстан Президентінен сұрайды. Олардың айтуынша, ұстап әкету кезінде цехтар мен өндірістік желілерді тоқтатуға тура келгендіктен, кәсіпорын қомақты шығынға ұшыраған. Бұған қоса, ұсталған әлеуетті инвесторлар енді Шымкенттегі зауытты дамытуға қаржы салудан бас тартып отыр.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары