Malim.kz
Оқиға

Шымкентте бір подъезде төрт адам газдан уланып көз жұмды

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Шымкент қаласында жантүршігерлік жағдай болды, деп хабарлайды Malim.kz КТК-ға сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, «Студенттік қалашық» шағынауданындағы көпқабатты үйдің бір подъезінде жаппай газдан улану болған.

Қайғылы оқиға «Студенттік қалашық» шағынауданында тіркелді. Бір подъездегі үш пәтерден төрт адамның мәйіті табылған. Көршілердің айтуынша, бірнеше күн бойы газдың иісі сезілген, алайда тиісті шара қолданылмаған.

Бір пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың денесі табылды. Екінші қабаттағы басқа пәтерде 23 жастағы жігіт көз жұмған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде студент қыз қайтыс болған. 20 жастағы қыздың денесін пәтер иесі жуынатын бөлмеден тауып алғаны айтылады.

Куәгерлердің сөзінше, марқұм қыз ваннаға түсіп жатқан кезде көз жұмған. Пәтер иесі шамамен сағат 12:00 шамасында келіп, жуынатын бөлменің есігі ішінен жабық тұрғанын байқаған.

Есікті ашқан кезде, жалға алушының ваннада жан тапсырғанын көреді. Осыдан кейін учаскелік инспектор шақырылып, тұрғындар сыртқа шығарылған. Құтқарушылар өзге пәтерлердің есігін бұзып кіріп, тағы үш адамның мәйітін анықтаған.

Тұрғындардың айтуынша, олар бұған дейін газ иісіне қатысты шағым түсірген. Алайда газ қызметінен әзірге ресми түсініктеме берілген жоқ.

Аталған дерек бойынша полиция «абайсызда адам өліміне әкелген қызмет көрсету» бабымен қылмыстық іс қозғады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары