Қазақстанда жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде Отбасы күні атап өтіледі. 2013 жылы Президент Жарлығымен бекітілген мереке биыл 13 қыркүйекке сәйкес келді. Осыған орай 7–13 қыркүйек аралығында еліміздің барлық өңірінде Отбасы апталығы ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отбасы институтын нығайтуға, жауапты ата-ана мәдениетін қалыптастыруға және мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетуге бағытталған түрлі іс-шара өтті, деп хабарлайды Malim.kz.
Биылғы апталық "Отбасы - біздің әлеміміз, тыныштығымыз, болашағымыз!" ұранымен ұйымдастырылды. Шымкентте де бір апта бойы танымдық кездесулер, отбасылық байқаулар, әлеуметтік қолдау шаралары, тұрғын үй мәселесіне қатысты жұмыстар, мәдени бастамалар мен өнегелі отбасыларды көпшілікке таныстыруға арналған жобалар жүзеге асырылды.
7-10 қыркүйек - ұлттық құндылықтар мен отбасы тәрбиесі
Апталықтың алғашқы күндерінен бастап еліміздің барлық өңірінде ақпараттық және ағартушылық жұмыстар жүргізілді. Негізгі тақырыптар ұрпақтар сабақтастығы, ұлттық салт-дәстүрлерді сақтау, саналы түрде отбасын құру, некені нығайту, балалардың денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасының әл-ауқаты және жақындардың бірге сапалы уақыт өткізуі төңірегінде өрбіді.
Апта бойы Мәдениет және ақпарат министрлігінің бастамасымен әлеуметтік желілерде #Otbasym2026 жалпыұлттық онлайн-челленджі ұйымдастырылды. "Отбасымыздың бір күні" тақырыбындағы бастамаға Астана, Шымкент және өзге де өңірлердің тұрғындары қатысты. Олар отбасымен бірге уақыт өткізу, кітап оқу, ұлттық қолөнер мен тұрмыстық дағдыларды балаларға үйрету, үлкенге құрмет көрсету секілді қарапайым, бірақ маңызды құндылықтарды бейнероликтер арқылы көрсетті.
Сонымен қатар дәстүрлі "Мерейлі отбасы" ұлттық байқауының өңірлік кезеңдері қорытындыланды. Шымкентте 2026 жылғы қалалық кезеңде Абай ауданынан қатысқан Қожамжаровтар отбасы жеңімпаз атанды. Бұл отбасы бала тәрбиесі мен сапалы білімге ерекше мән беретін әулет ретінде танылды.
Шымкентте бұған дейін «Мерейлі отбасы» байқауында жетістікке жеткен әулеттер де көпшілікке үлгі етілді. Солардың бірі - Жақыповтар отбасы. Әулеттен әлем чемпионы, Олимпиада ойындарының қатысушысы Біржан Жақыпов шыққан. Бүгінде белгілі боксшы қалалық спорт мектебіне жетекшілік етеді. Оның әкесі Жақып Құттыбеков жекеменшік спорт мектебінің директоры болса, анасы Қарлыға Зәуірбекова қырық жылдан астам уақыт математика пәнінен сабақ берген ұстаз. Отасқандарына 50 жылға жуықтаған ерлі-зайыпты төрт перзент тәрбиелеп, бүгінде 20-ға жуық немеренің қызығын көріп отыр. Әулетте еңбек, тәртіп және спортқа баулу дәстүрі ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді.
10 қыркүйекте «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздегі неке көрсеткіштерін жариялады. 2026 жылдың алғашқы сегіз айында Қазақстанда 74 648 неке тіркелген. Оның 38 мыңнан астамы жаз мезгілінде қиылған. Ең жоғары көрсеткіш маусымда тіркеліп, бір айдың ішінде 15 мыңнан астам жұп шаңырақ көтерген. Жаңа отбасылар саны бойынша Алматыда - 12 344, Астанада - 9 074, Түркістан облысында - 5 611, ал Шымкентте 5 118 неке тіркелген.
11 қыркүйек - тәрбие, қауіпсіздік және жаңа қоғамдық кеңістік
Аптаның келесі кезеңінде отбасындағы тәрбие мен цифрлық қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берілді. Білім беру ұйымдары мен жастар орталықтарында IT мамандары, психологтар және құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналар мен жастарға интернеттегі қауіп-қатерден қорғану жолдарын түсіндірді. Кездесулерде жеке деректерді алаяқтардан қорғау, ойынға тәуелділіктің алдын алу және балалардың интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қозғалды.
Шымкент қаласындағы Орталықтандырылған балалар кітапханалары жүйесінің №14 бөлімшесінде "Отбасылық құндылықтар және ұлттық тәрбие'' тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шара Саз мектебінің оқушысы Асқар Арсенұлының орындауындағы "Көңіл ашар" күйімен басталды.
Кездесуде кітапханашы Сабина Алдабергенова баланың бойына ана тіліне, тарихқа және рухани құндылықтарға құрмет қалыптастырудағы ата-ананың рөлі жөнінде баяндама жасады. "Отбасылық құндылықтар" және "Бірге шешейік" интерактивті алаңдарында ата-аналар мен балалар түрлі өмірлік жағдайларды бірге талқылады. Психологтың қатысуымен "Жылы сөздер" тренинг-ойыны, "Мақал – сөздің мәйегі" байқауы өтіп, "Отбасы – тәрбиенің алтын бесігі" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Осы күндері Шымкенттің Желтоқсан көшесінде «Бақытты жанұя» атты жаңа аллея да көпшілік назарына ұсынылды. Жаңа қоғамдық кеңістіктің негізгі элементтері ретінде субұрқақ пен отбасының бірлігі мен құндылығын бейнелейтін композиция орнатылған. Аллея аумағы көгалдандырылып, тұрғындардың демалуына арналған орындықтар, заманауи LED-жарықтандыру жүйесі және автоматты суару құрылғылары қойылған. Осылайша, отбасылық тақырып қаланың қоғамдық кеңістігін абаттандыру жобаларында да көрініс тапты.
12 қыркүйек - әлеуметтік қолдау мен баспана қуанышы
12 қыркүйек "Отбасы – ұлттық тәрбиенің бастауы" ұранымен әлеуметтік және экономикалық қолдауға арналды. Отбасын қолдау орталықтары мен әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында заңгерлер, мемлекеттік органдардың өкілдері, қаржы мамандары және үкіметтік емес ұйымдар тұрғындарға кеңес берді.
Кездесулерде отбасылық бюджетті жоспарлау, күнделікті шығындарды тиімді басқару, қарыз жүктемесін азайту жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмек, тұрғын үй көмегі және баспана сатып алуға арналған жеңілдетілген бағдарламалар жөнінде ақпарат берілді. Психологтар мен заңгерлер отбасылық жанжалдарды шешу және тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бағытында құпия кеңестер өткізді. Кәсіпкерлер, еріктілер мен меценаттар көпбалалы, толық емес және аз қамтылған отбасыларға қажетті заттар мен азық-түлік жеткізді.
Отбасы апталығы қарсаңында тұрғын үй мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Шымкенттің Көксай шағын ауданында жүзеге асырылып жатқан реновация бағдарламасы аясында тағы алты отбасы жаңа пәтерге ие болды. Тұрғындарға Тұран және Шымсити шағын аудандарынан жаңа баспаналар беріліп, кілттерін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков табыстады.
Реновация бағдарламасы тозығы жеткен үйлерде тұратын азаматтардың баспана жағдайын жақсартуға бағытталған. Бағдарлама талабына сәйкес тұрғындарға бұрынғы үйлеріндегі бөлме саны мен тұрғын алаңына сай келетін жаңа пәтерлер ұсынылады.
"Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Үйлеріңізге ырыс-береке толсын. Әр шаңырақта тыныштық пен татулық орнап, отбастарыңыз аман болсын", – деді қала әкімі.
Жаңа пәтер алған Қаршыға Әлиева да көптен күткен баспанаға қол жеткізген отбасының қуанышымен бөлісті.
Мереке қарсаңында Бозарық және Асар-2 шағынаудандарында да көпбалалы отбасыларға, мүгедектігі бар азаматтарға және жетім балаларға тұрғын үй кілттері табысталды.
Өнегелі отбасылардың өмірі көпшілікке үлгі болды
Отбасы апталығы тек мерекелік шаралармен шектелмей, берік шаңырақ құрып, бала тәрбиесі мен еңбекті қатар алып жүрген шымкенттік отбасылардың өмірін көпшілікке танытуға да мүмкіндік берді.
Солардың бірі - жеті бала тәрбиелеп отырған Ернар Анарбайұлы мен Ақмарал Құдайбергенованың отбасы. Ақмарал Асанқызы Шымкент қаласындағы Абай атындағы кітапхананың №11 бөлімшесін басқарады. Ол көпбалалы ана ретінде "Күміс алқа", кейін "Алтын алқа" иегері атанған.
Отбасының қызы Жамал Анарбай "Қазақстанның үздік 100 студенті" республикалық байқауында алғашқы ондыққа енген. Ал отбасының өзі "Үлгілі отбасы", "Парасатты отбасы" аталымдарын иеленіп, "Мерейлі отбасы - 2024" ұлттық байқауының жеңімпазы болған. Ақмарал Құдайбергенова Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған "Жеті қазына" республикалық фестивалі аясындағы "Сұлу әйел" байқауында да бірінші орын алған.
Отбасылық татулықтың тағы бір үлгісі - полиция майоры Дамир Ташанов пен жары Гүлнәр Ташанованың шаңырағы. Дамир Ташанов Шымкент қаласы полиция департаментінің жылдам қимылдайтын арнайы жасағында аға инспектор болып қызмет етеді. Ішкі істер саласында 19 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан ол ауыр атлетикадан спорт шебері, пауэрлифтинг пен жатып сығымдаудан Қазақстанның бес дүркін чемпионы. 2019 жылы Қытайдың Чэнду қаласында өткен полицейлер арасындағы Дүниежүзілік ойындарда екі дүркін әлем чемпионы атанса, 2022 жылы Роттердамда өткен әлем чемпионатында бірінші орын алды.
Оның жары Гүлнәр Таласқызы - кәсіби психолог әрі медиатор. Ташановтар отбасы үшін бір-бірін түсіну, қолдау және бала тәрбиесінде жеке өнеге көрсету маңызды қағидаға айналған.
Отбасы құндылығын кәсіби өмірімен сабақтастырып жүрген азаматтардың бірі - журналист Тағабай Қасым. Ол 2013 жылдан бері "Шымкент келбеті" газетінде еңбек етеді. Жары екеуі сегіз бала тәрбиелеп отыр. Отбасында қазақы тәрбие, үлкенге құрмет, еңбек ету және спортпен шұғылдану басты құндылықтардың бірі саналады. Ерлі-зайыпты кезінде үлкен той өткізудің орнына баспана алуды таңдаған. Сол үй бүгінде сегіз баланың күлкісі естілетін берекелі шаңыраққа айналған.
Тоғыз баланың анасы Гүлмира Айтқұлованың өмір жолы да отбасы мен ғылымды қатар алып жүруге болатынын көрсетті. Ол әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдап, кейін магистратура мен докторантурада білімін жалғастырып, PhD дәрежесін алған. Қазір Жұмабек Тәшенев университетінің "Қазақ тілі мен әдебиеті" кафедрасында аға оқытушы. Оның жұбайы Нұрлан Бижан - заң ғылымдарының кандидаты, осы университеттегі "Құқық" кафедрасының меңгерушісі.
Биыл ерлі-зайыптылардың шаңырақ көтергеніне 20 жыл толды. Екі ұл мен жеті қыз тәрбиелеп отырған отбасының үлкен балалары студент атанса, кенжелері Нұрмұхаммед төрт жаста. Гүлмираның айтуынша, оның ғылыммен айналысуына жолдасының түсіністігі мен қолдауы үлкен демеу болған.
Ал алты баланың ата-анасы Әсел мен Жанатбек биыл отасқандарына 17 жыл толуын атап өтуде. Жанатбек жеке кәсіппен айналысса, Әсел ұлттық салт-дәстүрге арналған қолөнер бұйымдарын жасайды. Ол беташар, құдалық, тұсаукесер, бесік той секілді қуаныштарға арналған дүниелерді әзірлеп, еліміздің әр өңірінен тапсырыс қабылдайды. Ерлі-зайыптылар үшін отбасының беріктігі – бір-бірінің кәсібіне құрметпен қарап, қиындықта қолдау көрсетуден басталады.
13 қыркүйек - Отбасы күні
Отбасы апталығы 13 қыркүйекте мерекелік іс-шаралармен қорытындыланды. Елдің түрлі өңірінде ұзақ жыл бірге өмір сүрген ерлі-зайыптыларға құрмет көрсетіліп, жаңа шаңырақ көтерген жұптардың неке қию рәсімдері салтанатты жағдайда өтті. Қалалар мен аудандарда концерттер, көрмелер, отбасылық спорттық жарыстар мен танымдық кездесулер ұйымдастырылды.
Шымкент қаласының Орталықтандырылған көпшілік кітапханалар жүйесінің №11 кітапхана бөлімшесінде Отбасы күніне арналған "Отбасы бақыты бәрінен биік" тақырыбындағы шара өтті.
Кездесудің мақсаты - отбасы құндылықтарын дәріптеу, ұлттық салт-дәстүрге құрметті күшейту және өнегелі отбасылардың өмір жолын жастарға үлгі ету.
Іс-шараның арнайы қонағы – "Ұлт ұясы - бесік" республикалық байқауының екінші орын иегері әрі "Есті ене, көргенді келін" байқауының бас жүлдесін жеңіп алған Күздеубаевтар отбасы болды. Кездесуге отбасы мүшелерімен бірге студент жастар мен кітапхана оқырмандары қатысты.
Кеш барысында "Әке - асқар тау, ана - бұлақ", "Отбасылық дәстүр - ұрпаққа аманат" тақырыптарында пікір алмасу өтіп, ата-ананың бала тәрбиесіндегі орны, отбасылық салт-дәстүрді ұрпаққа жеткізудің маңызы сөз болды. Сонымен қатар көркемсөз оқылып, әндер орындалды.
Бір аптаға созылған шаралардың мазмұны әртүрлі болғанымен, оларды біріктірген ортақ мақсат біреу болды. Ол - отбасының қоғамдағы орнын нығайту, ұлттық тәрбиені дәріптеу, ата-ана жауапкершілігін арттыру және бір-біріне сүйеніп, еңбек пен сыйластықты өмірлік қағидаға айналдырған отбасыларды көпшілікке үлгі ету.
Отбасы апталығы аясындағы кездесулер, әлеуметтік жобалар, жаңа баспанаға қоныстанған отбасылардың қуанышы, қоғамдық кеңістіктердің ашылуы мен өнегелі әулеттердің өмір жолы "Отан - отбасынан басталады" деген ұғымның мәнін тағы бір мәрте айқындай түсті.