«Дені сау ұлт» ұлттық жобасы аясында еліміздің барлық өңірлерінде қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Ондағы басты мақсат – медицина саласын жоғары деңгейге көтеру.
Осы бағытқа орай қазіргі таңда Шымкент қаласында көптеген жаңа медициналық ұйым бой көтеріп, халыққа қажетті түрлі бөлімшелер мен орталықтар пайда болды.
Қыркүйек айында Шымкентте алғаш рет аурухана базасында госпиталдық фармация бөлімшесі ашылды.
Бөлімшенің басты міндеті - дәрілік заттарды уақтылы, сапалы дайындау және пневматикалық пошта арқылы медициналық ұйымның клиникалық және пара-клиникалық бөлімшелеріне жеткізу.
- Денсаулық сақтау саласы Шымкент қаласында балалар ауруханасында үлкен жетістіктерге жетті деуге болады. Бұл бөлімше дәріні тиімді рационалды пайдалану үшін керек. Өйткені осыған дейін дәріні әр баланың салмағына, балаға керектігіне байланысты дәрігер тағайындайды. Ал тағайындаған кезде дәрінің 20 мл немесе 50 мл болуы мүмкін, сол дәрінің кеп бөлігі пайдаланылмайды, өйткені дәріні бір ашқаннан кейін, стерильді препарат болған соң пайдалануға болмайды. Ал енді қазіргі енгізіп жатқан жүйе бір емес екі балаға, үш балаға тиісті мөлшерін сақтай отырып пайдалануға жол береді. Енді бұл пневматикалық пошта дегенді пайдаланып жатыр, адамның араласуы азаяды. Ең бастысы, қала әкімі Ғабит Әбдімажитұлы келгелі, дәріні де, бюджетті де тиімді, ұтымды пайдалануға тапсырма беріліп отырды. Биыл 6 медициналық ұйымды госпиталдық фармация бөлімімен қамтамасыз етеміз деген жоспарымыз бар, - дейді қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков.
Қаланың ауруханаларында госпитальдық фармация бөлімшесін ашу нәтижесінде дәрілік заттарды ұтымды пайдалану есебінен бюджет қаражатын айтарлықтай үнемдеуге болады.
Айта кетсек, жыл басынан бері №2 қалалық аурухана базасында 150 нейрохирургиялық операция жүзеге асырылды. Күрделі оталар Өзбекстан, Тәжікстан, Молдова, Швейцария елдерінен келген науқастарға да жасалған.
Одан бөлек биыл «Асар» шағын ауданындағы қалалық балалар клиникалық ауруханасы базасында балалар арасында ауруларды тез анықтау бағытында оқу-әдістемелік орталық ашылды.
- Бағдарлама балалардың ең маңызды ауруларын (диарея, пневмония, тамақтанудың бұзылуы, анемия, төмен салмақ, тамақ-құлақ проблемалары) біріктіре, ықпалдастыра отырып емдеу, тез әрекет ету, сондай-ақ, балаға қауіпсіз даму орта қалыптастыру, иммундау және күтім жасау нұсқамаларын қамтиды. Бала жасындағы ауруларды ықпалдастыра басқару өлім, ауру және мүгедектік жағдайларын азайтып, бес жасқа дейінгі балалардың өсуі мен дамуын жақсартуға ықпал етеді. Оқыту нәтижесіне мониторинг жасалады, - дейді аурухананың бас дәрігері Д. Жұмаділова.
Үздік тәжірибелік орталықтың ерекшелігі – әлеуметтік, медициналық қызметтер біріктірілген. Бір топта мейіргер, әлеуметтік қызметкер, психолог мамандардан құралған мультидициплинарлық команда жұмыс істейді. Басқармаға қарасты №1, №3, №6,№7 емханалар жанынан Үздік тәжірибелік орталықтар ашылған. Оның ішінде жаңа модель алғаш болып №6 емханаға енгізілген. Үздік практика негізінде 141 маман біліктілігін арттырған. Бүгінде емханада дәрігерлер «Емхана науқастардың көзімен», «Емханадағы алғашқы 5 минут», «Мейігерлердің жеке қабылдауы» секілді 11 жаңа жоба аясында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Фото: Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасы