Malim.kz
Спорт

"Шындықты жасырмай айтайын": Шавкат Рахмонов мансабы туралы ел күтпеген мәлімдеме жасады

Мадияр Қапанбек
Cooper Neill/Zuffa LLC via Getty Images. Суретте: Шавкат Рахмонов

Қазақстандық UFC файтері Шавкат Рахмонов жарақатына байланысты ресми мәлімдеме жасап, тағы бір операция жасатқанын растады. Бұл туралы Malim.kz тілшісі 1bol.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшының айтуынша, кәсіби жауынгердің жолы ешқашан оңай болмайды, ал әрбір үлкен арман белгілі бір құрбандықты талап етеді.

"Жауынгердің жолы әрдайым сынаққа толы. Өмір бізге еңсере алмайтын қиындықты бермейді. Әр мақсаттың өз бағасы бар, кейде ол – денсаулық. Шындықты жасырудың қажеті жоқ, жарақатқа байланысты тағы бір операция жасатуыма тура келді. Енді толық қалпыма келу үшін уақыт керек. Осыған байланысты октагонға оралуым кейінге шегерілді. Мұны қабылдау оңай емес. Бірақ әр қиындық – үлкен жолдың бір бөлігі. Мен бұрынғыдан да мықты, тәжірибелі болып ораламын. Жеңіске деген жігерім арта түсті. Мақсатым өзгерген жоқ – UFC белдігі Қазақстанға келуі керек. Қандай жағдайда да қолдау көрсетіп жүрген жандарға алғысым шексіз. Бұл – соңғы нүкте емес, тек маңызды кезең", – деп жазды файтер X әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Айта кетейік, бұған дейін танымал спорт журналисі Ариэль Хельвани Шавкат Рахмоновтың менеджері Дэнни Рубинштейнмен сөйлескенін айтып, қазақстандық файтердің тізе жарақатына байланысты шамамен 9-10 айға октагоннан тыс қалатынын мәлімдеген болатын.

Сондай-ақ Алматыда өткен Naiza 80 турнирінде "Номадтың" балдақпен жүргені көпшіліктің назарын аударған еді.

Еске салсақ, Шавкат Рахмонов соңғы жекпе-жегін 2024 жылдың желтоқсан айында өткізген.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары