Бүгін Қызылорда қаласының СПМК-70 шағын ауданында 1500 орындық «Келешек мектебі» ресми түрде ашылды. Бұл туралы malim.kz тілшісі Қызылорда облысы әкімдігіне сүйеніп хабарлайды.
Салтанатты рәсімге ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым және қоғам өкілдері қатысты.
Іс-шара барысында облыс әкімі жиналған қауымды жаңа білім ошағының ашылуымен құттықтап, мектептің аймақ үшін маңызын атап өтті.
— «Президентіміз «Баланың бәрі бірдей. Ауылдағы да, қаладағы да оқушы тең мүмкіндікке ие болуы керек» деп атап өткен еді. «Келешек мектептері» жобасы осы міндетті орындауға бағытталған. Бәсекеге қабілетті, заманауи талаптарға сай ұрпақ тәрбиелеу — мемлекеттің стратегиялық басымдығы», —
деді аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлы.
📌 Аймақтағы білім саласына инвестициялар
Облыста соңғы жылдары білім беру саласын дамытуға ауқымды қаржы бөлінген:
- Соңғы 3 жылда — 812,2 млрд теңге,
- 2024 жылы — 346,8 млрд теңге,
- былтыр - 31,8 млрд теңгеге 13 жаңа білім беру ұйымы пайдалануға берілген.
Облыс бойынша «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 54,4 млрд теңгеге 10 мектеп салынып, 2023 жылдан бері 5,7 млрд теңгеге 9 мектепке қосымша ғимарат тұрғызылған. Бұл өңірдегі үш ауысымдық мектептер мәселесін толық шешуге мүмкіндік берді.
📌 Марапаттар
Салтанатты рәсімде білім саласының дамуына үлес қосқан ұстаздар және жаңа мектеп құрылысын сапалы атқарған мердігер ұйым қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Досбергенқызы, Мәжіліс депутаты Мұрат Абдуламитұлы және мемлекет қайраткері, Қызылорда облысының құрметті азаматы Мұрат Бақтиярұлы да жиналғандарды құттықтап, жаңа мектептің аймақ үшін маңызын атап өтті.