Ақорда Ержан Ашықбаевтың Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалғанын хабарлады.
Мемлекет басшысының өкімімен Ержан Нигматоллаұлы Ашықбаев Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары лауазымына тағайындалды, - делінген құжатта.
Айта кетейік, Ержан Нигматоллаұлы 1974 жылғы 16 маусымда Алматы қаласында туған.
1998 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетін, 2012 жылы Гарвард университетінің Дж.Кеннеди атындағы мемлекеттік басқару мектебін тәмамдаған. Мамандығы — халықаралық қатынастар, мемлекеттік басқару магистрі.
Дипломатиялық қызметін 1998 жылы ҚР Сыртқы істер министрлігінің Төртінші департаментінде референт болып бастаған.
1999-2007 жылдары министрліктің орталық аппаратында әртүрлі қызметтер атқарған және Қазақстанның Бельгиядағы елшілігінде іссапарда болған.
2007-2011 жылдары Сыртқы істер министрлігінің Халықаралық ақпарат комитетінің төрағасы, ерекше тапсырмалар жөніндегі елші лауазымдарын атқарды.
2012 жылы ҚР Премьер-Министрі Кеңсесі басшысының орынбасары, ҚР Үкіметінің ресми өкілі болды.
2012-2013 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінің Сыртқы саясат орталығын басқарды.
2013-2021 жылдары ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметін атқарды.
2021 жылдан бастап осы тағайындауға дейін Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы Төтенше және Өкілетті Елшісі болды.
Ержан Ашықбаев — дипломатиялық қызметтің кәсіби өкілі, Төтенше және Өкілетті Елші дипломатиялық дәрежесіне ие. Ағылшын, түрік және француз тілдерін меңгерген.
Фото: Ақорда