Malim.kz
Спорт

Тағы бір қазақстандық боксшы антидопинг ережелерін бұзғаны үшін шеттетілді

Арман Қайыпхан
Фото: gov.kz

Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) әлем және Азия чемпионаттарының күміс жүлдегері Дулат Бекбауовқа қатысты тәртіптік шешім қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz Tengri Sport-қа сілтеме жасап.

ITA мәліметінше, спортшы 12 ай ішінде үш рет орналасқан жері туралы мәліметті уақытында тіркемеген. Мұндай тәртіп бұзу антидопинг ережелерінің 2.4-бабына сәйкес келеді.

Ұйымның хабарлауынша, Бекбауов аталған фактілерді дауламаған. Нәтижесінде оған қатаң санкция салынды.

"Дулат Бекбауовқа 2025 жылдың 18 қарашасынан 2027 жылдың 17 қарашасына дейін екі жылға дисквалификация тағайындалды. Сондай-ақ 2025 жылдың 1 қаңтарынан бергі барлық спорттық нәтижелері жойылады," – делінген ITA хабарламасында.

Айта кетейік, Бекбауов – 2023 жылғы әлем чемпионатының және 2024 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері. 2024 жылғы құрлықтық біріншіліктің медаль табыстау рәсімінде ол төрешілер шешіміне қарсылық ретінде подиумға шығудан бас тартқан еді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары