Malim.kz
Оқиға

Тағы да қайғылы жағдай: БҚО-да жол апатынан 8 адам қаза тапты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан скрин

Батыс Қазақстан облысында болған ірі жол-көлік оқиғасы салдарынан сегіз адам көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz.

Полицияның мәліметінше, 17 қарашада Чапай – Жаңақала – Сайқын облыстық маңызы бар автожолының 50-шақырымында Toyota Camry мен Volkswagen Sharan көліктері бетпе-бет соқтығысқан. Соққыдан кейін көліктердің бірі өртеніп кеткен.

Оқиға орнында 8 адам қаза тапты. Тағы төрт адам түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Қазір бұл факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу алдын ала бір жүргізушінің қарсы бағытқа шығып кетуі мүмкін деген нұсқаны қарастырып жатыр.

Полиция өкілдері апат кезінде ауа райының қолайлы болғанын, жолдың көрінуі жақсы және қозғалысқа кедергі келтіретін факторлар болмағанын атап өтті.

«Оқиға орнында полиция қызметкерлері, жедел-тергеу тобы және ТЖМ бөлімшелері жұмыс істеп жатыр. Жол апатының барлық мән-жайы тергеу барысында анықталады. Жүргізушілерге жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды ескертеміз. Әсіресе жолаушы тасымалдау кезінде кез келген ереже бұзушылық адам өміріне тікелей қауіп төндіреді», — делінген БҚО ПД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске сала кетейік, 23 қазанда Ақтөбе облысында Самара – Шымкент жолында Белқопа ауылы маңында DAF жүк көлігі мен жолаушылар тасымалдайтын «ГАЗель» соқтығысқан еді. Алдын ала мәлімет бойынша, жүк көлігі қарсы жолаққа шыққан. Оқиға орнында екі жүргізуші және 10 жолаушы, оның ішінде балалар қаза тапқан.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары