Malim.kz
MALIMet

Тайғақта аяқ киім сырғанамауы үшін не істеу керек?

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы жасалған

Қыс мезгілінде көктайғақ жаяу жүргіншілерге біраз қиындық туғызады. Әсіресе табаны тегіс аяқ киіммен жүру қауіпті. Malim.kz тілшісі аяқ киімнің сырғанауын азайтудың бірнеше қарапайым тәсілін ұсынады.

Мұзға арналған арнайы қаптама пайдаланыңыз. Аяқ киімнің табанына кигізілетін тісті резеңке қаптамалар мұз үстінде нық жүруге көмектеседі. Оларды аяқ киім немесе спорт тауарлары дүкендерінен табуға болады.

Аяқ киім жөндейтін шеберге жүгініңіз. Шеберлер аяқ киімнің табанына сырғанауға қарсы арнайы бұдырлы резеңке жапсыра алады. Бұл қыс бойы қолдануға қолайлы тәсілдердің бірі.

Табаны бұдырлы аяқ киім таңдаңыз. Қыста жұмсақ резеңкеден жасалған, ойықтары терең табаны бар етік киген жөн. Тегіс әрі қатты табан аязда сырғанақ келеді.

Аяқ киімнің табанын тазалап жүріңіз. Табанның ойықтарына қар мен мұз жиналып қалса, оның жерге ілінісуі нашарлайды. Сондықтан жиналған қарды мезгіл-мезгіл тазалап тұрған дұрыс.

Жүрісіңізге мән беріңіз. Көктайғақта асықпай, қысқа адымдап жүріңіз. Қолыңызды қалтаға салмай, тепе-теңдікті сақтауға тырысыңыз.

Есіңізде болсын, ешбір тәсіл мұзда құламайтыныңызға толық кепілдік бермейді. Сондықтан көктайғақ кезінде барынша сақ болған абзал.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары