"SuperStar KZ" жобасының кезекті қатысушысы қазылар алқасынан қатаң сын естіді. Қызылорда облысынан келген 19 жастағы Аяулым Абылаут Мақпал Исабекованың "Қимадың" әнін орындап, алайда үш қазыдан да “жоқ” деген жауап алды, деп хабарлайды Malim.kz.
Айта кетейік, араға 20 жыл салып қайта оралған "SuperStar KZ" жобасының қазіргі қазылар алқасында Ләйлә Сұлтанқызы, Мақпал Исабекова және Ерболат Беделхан отыр.
Аяулым сахнаға өзімен бірге орындық алып шыққан. Ерекше реквизит қазылар алқасының бірден назарын аударды.
Ләйлә Сұлтанқызы одан орындықты не үшін алып келгенін сұрады.
"Орындық не үшін?" – деді ол.
Қатысушы мұны өзінің сахналық реквизиті деп түсіндірді.
"Бұл – менің реквизитім. Басқа әртістердің қолында домбыра, гитара болса, менің қасымда қолдауым бар – орындығым", – деп жауап берді Аяулым.
Мақпал Исабекова әнді қайырмасына жеткізбей тоқтатты
Бұдан кейін 19 жастағы қатысушы Мақпал Исабекованың репертуарындағы "Қимадың" әнін орындай бастады. Алайда ол әннің қайырмасына жетпей жатып, Мақпал Исабекова орындауды тоқтатты.
"Рақмет сізге! Менің сөзім жоқ", – деді әнші.
Кейін Ләйлә Сұлтанқызы Аяулымнан "SuperStar KZ" жобасына не үшін келгенін сұрады. Қатысушы болашақта кәсіби мамандармен жұмыс істегісі келетінін жеткізді.
"Алдағы уақытта продюсерлермен жұмыс жасағым келеді", – деді ол.
Осы кезде Мақпал Исабекова қатысушының өнеріне қатысты пікірін ашық айтты.
"Сіз міндетті түрде танымал боласыз мына түріңізбен. Бірақ талант, дарын деген сіздің бойыңызда мүлде жоқ", – деді Мақпал Исабекова.
Нәтижесінде Аяулым қазылар алқасының үш мүшесінен де "жоқ" деген жауап алып, жобаның келесі кезеңіне өте алмады.
"Талантым болмаса, конкурста жүрмейтін едім"
Сахнадан шыққаннан кейін Аяулым Абылаут қазылардың пікірімен келіспейтінін айтты.
"Мен онымен келіспеймін. Талантым болмаса, мен конкурста жүрмейтін едім", – деді қатысушы.
Мақпал Исабекова да бойжеткеннің өзіне деген сенімділігіне тоқталды.
"Адам өзіне сене білуі керек. Ол әртіс үшін, әнші үшін жақсы қасиет. Бірақ дандайсып кетпесе", – деді әнші.
Мақпал Исабекова кім?
Мақпал Исабекова – қазақстандық эстрада әншісі. Ол 1984 жылы Жаркент қаласында дүниеге келген. Өнер иесі көпшілікке 2003 жылы басталған "SuperStar KZ" жобасына қатысуы арқылы кеңінен танылды. Ұлттық арнаның дерегінше, сол кезде Исабекова үздік 12 қатысушының қатарына кіріп, кейін жобаның жетінші кезеңінде жарыстан шығып қалған.
Жобадан кейін ол продюсер Эрик Тастембековпен жұмыс істеп, кәсіби музыкалық мансабын жалғастырды. 2005 жылы Латвияның Юрмала қаласында өткен "Жаңа толқын" халықаралық байқауына қатысып, Қазақстаннан тыс аудиторияға да таныла бастады.
Мақпал Исабекованың өзі де өнер жолының басталуын "SuperStar KZ" жобасымен байланыстырады. 2026 жылы жоба қайта жаңғырғанда әнші енді қатысушы емес, қазылар алқасының мүшесі ретінде оралды. "Бұл жоба үлкен сахнаға шығуға жолдама береді. Міне, алдарыңызда тұрған мен соған дәлелмін", – деген еді ол телевизиялық түсірілім басталған кезде.
Қазір жаңарған "SuperStar KZ" жобасында Мақпал Исабековамен бірге Ләйлә Сұлтанқызы мен Ерболат Беделхан қатысушылардың өнеріне баға беріп жүр.