Malim.kz
Экономика

Талдаушылар жаңа салық режимін түсіндірді

Ереке Базарқұл
"NAC Analytica" ҚҚ басқарма төрағасы, экономист, қаржыгер Расул Рысмамбетов ©malim.kz

Астана, malim.kz. Бүгін (22 желтоқсан) Ұлттық Талдау орталығы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен бірлесіп, журналистермен кездесу өткізді. Шара Назарбаев Университетінде болды.

Журналистерді, Талдау Орталығының жұмысымен осы мекеменің басқарма төрағасы Расул Рысмамбетов таныстырды. Сонымен бірге, Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов та сөз сөйлеп, жаңа Салық Кодексіндегі жеңілдетілген декларация негізіндегі арнайы салық режимі туралы айтып өтті. Сондай-ақ, арнайы салық режимі, бөлшек салық және жалпыға бірдей белгіленген режимде (ЖБР) жұмыс істейтін салық төлеушілер арасындағы операцияларға жүргізілген талдау нәтижелері ұсынылды. Салықтық шегерімдерді дұрыс қолдану тәртібі де жан-жақты түсіндірілді.

Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жәнібек Нұржанов ©malim.kz

Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, соңғы жылдары арнайы салық режимін қолданатын субъектілер мен жалпыға бірдей режимдегі компаниялар арасындағы өзара есеп айырысулар тұрақты түрде өсіп келеді. Атап айтқанда, 2023 жылы ЖБР-мен жұмыс істейтін СНР ЖД қолданушы жеткізушілер саны 256 мың болса, 2025 жылы бұл көрсеткіш 410 мыңнан асты. Ал мұндай операциялар көлемі шамамен екі есеге өсіп, 5,3 трлн теңгеден 10 трлн теңгеге жеткен. Жалпы операциялар көлеміндегі үлесі 84 пайызды құрады.

Нұржановтың айтуынша, СНР мен ЖБР арасындағы операциялардың елеулі бөлігі ірі және орта бизнес субъектілерінде салықтық шегерімдер қалыптастырады. Бұл ретте олардың экономикалық негізділігіне ерекше назар аудару қажет. Талдау нәтижесінде 6 трлн теңгеден астам айналым қалыптастыратын СНР жеткізушілерінің 62 пайызының жалдамалы қызметкерлері жоқ екені анықталған. Сонымен қатар жеткізушілердің 26,5 пайызы тек бір ғана сатып алушымен - ЖБР субъектісімен жұмыс істейді. Бұдан бөлек, кейбір жеке кәсіпкерлердің бір мезгілде сатып алушы компанияларда қызметкер немесе құрылтайшы болып табылатын жағдайлары тіркелген.

Кездесуде Мемлекеттік кірістер комитетінің басты мақсаты заңды салықтық шегерімдерді шектеу емес екені атап өтілді. Негізгі міндет - салық салуда тең әрі әділ жағдай қалыптастыру, сондай-ақ бизнесті жасанды түрде бөлшектеу мен нақты шаруашылық мазмұны жоқ операциялар арқылы шегерім қалыптастыру схемаларының алдын алу.

Сонымен қатар бөлшек салықтағы мөлшерлемелерді қолдану мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Камералдық бақылау нәтижесінде 2024–2025 жылдары ЖБР субъектілеріне тауар сату кезінде белгіленген 8 пайыздың орнына 2–4 пайыздық төмендетілген мөлшерлемелер қолданылған жағдайлар анықталған. Тексеру қорытындысы бойынша бюджетке қосымша түрде миллиардтаған теңге өндірілген.

Іс-шараға қатысушылар белсенділік танытып, арнайы салық режиміндегі пайыздық мөлшерлемелер, ЖБР мен жеңілдетілген декларация арасындағы айырмашылықтар, ҚҚС бойынша шекті мәндер және өзге де өзекті сұрақтарға жауап алды.

 

Ереке Базарқұл
Автордың басқа материалдары