Талдықорғанда 20 жастағы студент Жәңгір Нұрланұлының өліміне қатысты қылмыстық іс бойынша 17 жастағы мектеп оқушысы күдікке ілінді. Бұл туралы Жетісу облысы полиция департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.
Марқұмның анасының айтуынша, 7 мамыр күні кешке ұлы достарымен бірге танысының пәтеріне футбол матчын көруге кеткен. Үйде шамамен он шақты адам болған, олардың арасында 17 жастағы мектеп оқушысы да болған.
Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жастар арасында жанжал туындаған. Қақтығыстан кейін олар сыртқа шығып, кейін қайта кездескен. Марқұмның анасы күдікті жасөспірім Жәңгірді қайта шақырып алып, оған алты рет пышақ жарақатын салғанын айтады. Студент алған жарақаттарының салдарынан көз жұмған.
Сондай-ақ әйел қайғылы жағдай болар алдында ұлымен бейнеқоңырау арқылы сөйлескенін жеткізді.
«Ұлымның көңіл күйі жақсы еді, әзілдеп отырды. Кейін қайта хабарласамын деп уәде берген болатын», – дейді ол.
Жетісу облысы полиция департаментінің мәліметінше, күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған. Мамандандырылған тергеу сотының шешімімен оған қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған.
Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған жан-жақты тергеу жүргізіліп жатыр. Тергеу барысында сараптамалар тағайындалып, дәлелдер жиналып, куәгерлерден жауап алынуда.
Марқұмның отбасы істің әділ тергеліп, кінәлі адамның заң аясында жазалануын талап етуде.ф