Malim.kz
Оқиға

Талғарда ер адамды әйелі мен енесі пышақтап өлтірді деген күдік бар

Арман Қайыпхан
Фото: Спутник Қазақстан

Алматы облысы Талғар қаласында 47 жастағы ер адамды әйелі мен енесі пышақтап өлтірді деген күдікпен ұсталды. Оқиғаның мән-жайын марқұмның туыстары айтып берді, деп хабарлайды Malim.kz Спутник Қазақстанға сілтеме жасап.

Туыстарының айтуынша, жанжал ер адамның үш жылқысының сатылып кетуінен басталған. Күдікті әйел күйеуіне айтпай жылқыларды сатып жіберген көрінеді.

«Бауырымыз полицияға арыз жазған. Полиция жылқыны кім сатқанын, кімге сатылғанын анықтап берген. Жылқыны сатып алған адам осы үйдің әйелін көрсеткен. Бірақ ол мойындамағаннан кейін жанжал шыққан», – дейді марқұмның Қайрат есімді туысы.

Туыстарының мәліметінше, күдікке ілінген әйел мен оның анасы Талғар әкімдігінде жұмыс істейді. Әйелі әкім орынбасарының хатшысы болса, енесі әкімдік ғимаратында күзетші болып істейді.

Марқұм Алмат Есенов кәсіпкер болған. Ол мал шаруашылығымен айналысып, қаладағы газ қызметіне байланысты серіктестіктердің бірінде басшылық қызмет атқарған.

Туыстарының айтуынша, қайғылы оқиға кезінде ер адам көмек сұрап айқайлаған.

«Ағамызды өлтіргеннен кейін олар бес сағаттай балконда тығылып отырған. Ағамыз жан дауысы шығып “көмектесіңдер” деп айқайлаған. Қарама-қарсы тұратын көрші үй иесіне хабарласып, пәтерде бір сұмдық болып жатқанын айтқан. Үй иесі келіп, полиция шақырған», – дейді туысы.

Күйеуін өлтірді деген күдікке ілінген әйел 39 жаста. Оқиға кезінде олардың төрт баласы да үйде болған.

«Балалардың жасы 4 пен 15-тің арасында. Қазір олар ауылда, марқұмның ата-анасының қолында. Оқиға балалардың көз алдында болған. Ағамыздың денесінде сау жер қалмаған», – дейді марқұмның туыстары.

Марқұмның қарындасы Әлияның айтуынша, ағасы оқиғадан шамамен төрт сағат бұрын телефон арқылы үйдегі жағдайдың қалыпты екенін айтқан.

«Сағат 18:30 шамасында хабарласып, кішкентай ұлымен үйде отырғанын айтты. Кейін кешкі он шамасында полиция хабарласып, ағамның ауыр жарақат алғанын жеткізді», – дейді ол.

Еске салайық, зардап шеккен тараптың адвокаты Асылбек Әбдірайымовтың айтуынша, сараптама жүргізіліп, тергеу жалғасып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұмның денесінен 30-дан астам пышақ жарақаты анықталған.

Алматы облыстық полиция департаменті аталған факті бойынша екі әйелдің ұсталып, қамауға алынғанын хабарлады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары