Malim.kz
MALIMet

Танысыңыздың даусымен ақша сұрауы мүмкін: жаңа алаяқтықтан қалай қорғануға болады?

• Алуа Әшірбекова
Фото: ЖИ арқылы жасалған

Телефонға жақын адамыңыздан қоңырау келді. Даусы да таныс. Ол шұғыл жағдайға тап болғанын айтып, ақша аударуды сұрайды. Мұндай кезде бірден сенуге болмайды. Қазір алаяқтар жасанды интеллект арқылы адамның даусын, тіпті бейнесін қолдан жасап, бөтен адамның атынан хабарласуға дейін барған, деп хабарлайды Malim.kz.

Қазақстанның Ішкі істер министрлігі жасанды интеллект қолданылатын интернет-алаяқтықтың жаңа түрлері туралы ескертті. Қаскөйлер банк немесе құқық қорғау органдары қызметкерінің кейпіне еніп қана қоймай, жалған аудио мен бейне жасау технологияларын да пайдаланып жүр.

"Қауіпсіз шот" десе, әңгімені тоқтатыңыз

Алаяқтардың кең тараған тәсілдерінің бірі – адамды қорқыту. "Сіздің атыңыздан несие рәсімделіп жатыр", "шотыңыздағы ақшаға қауіп төніп тұр" немесе "қаражатыңызды қауіпсіз шотқа аударыңыз" деуі мүмкін.

Бас прокуратура мемлекеттік органдар мен банктердің азаматтардан SMS арқылы келген бір реттік кодты, карта деректерін немесе парольді сұрамайтынын ескертеді. Сондай-ақ ақша сақтайтын арнайы "қауіпсіз шот" жоқ.

Сондықтан мұндай қоңырау түссе, мәселені телефон соққан адамның нұсқауымен шешуге тырыспаған жөн. Қоңырауды тоқтатып, банктің ресми нөміріне өзіңіз хабарласқан дұрыс.

SMS-кодты ешкімге айтпаңыз

Кейбір схемалар бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен адамға мемлекеттік органның, банктің немесе басқа ұйымның қызметкері ретінде хабарласып, телефонға келген кодты айтуды сұрайды. Артынша басқа адам "банк қауіпсіздігінен" немесе "полициядан" қоңырау шалуы мүмкін. Осылайша жәбірленушіге болып жатқан жағдай шынайы көрінеді.

Есте сақтайтын қарапайым қағида бар: SMS-код, пароль және банк картасының құпия деректері тек сізге арналған.

Жақын адамыңыз ақша сұраса да, тексеріңіз

Жасанды интеллект арқылы адамның дауысын ұқсатуға болатындықтан, таныс дауыс естудің өзі енді адамның кім екенін толық дәлелдей алмайды.

Егер туысыңыз немесе досыңыз аяқ астынан ақша сұраса, әңгімені тоқтатып, сол адамға бұрыннан білетін нөмірі арқылы өзіңіз қайта қоңырау шалыңыз. Отбасымен алдын ала бөтен адам білмейтін бір құпия сөз немесе сұрақ келісіп қою да қосымша тексеру тәсілі бола алады.

Сілтемені ашуға асықпаңыз

Қауіп тек қоңыраумен шектелмейді. KZ-CERT мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанында Қазақстан сегментінде мемлекеттік және қаржы сервистерін қайталайтын 90-нан астам фишинг оқиғасы анықталған. .kz аймағында табылған жалған ресурстардың 75 пайыздан астамы мемлекеттік немесе қаржы ұйымдарын имитациялаған.

"Сыйлық ұтып алдыңыз", "айыппұлыңызды тексеріңіз", "туысыма дауыс беріңіз" немесе "төлемді растаңыз" деген хабарламадағы сілтемені бірден баспаған жөн. Қажетті сервистің ресми қосымшасын немесе сайтын өзіңіз ашқан қауіпсіз.

Алаяққа дерек беріп қойсаңыз не істеу керек?

Егер карта деректерін, SMS-кодты немесе басқа құпия ақпаратты айтып қойғаныңызды байқасаңыз, уақыт жоғалтпаған дұрыс. Банкке дереу хабарласып, карталар мен қажет операцияларды бұғаттау мәселесін шешіңіз. Құпиясөздерді ауыстырып, полицияға хабарлаңыз.

Мұндай қауіптің ауқымы да аз емес. Үкіметтің 2026 жылдың бірінші жартыжылдығы жөніндегі дерегіне сәйкес, жыл басынан бері 3,5 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактісі ашылған. Антифрод-орталық арқылы азаматтардың 1 млрд теңгеден астам қаражатын бұғаттауға мүмкіндік туған, ал байланыс операторлары 163,2 млн алаяқтық қоңырауды бұғаттаған.

Сондықтан қазір цифрлық қауіпсіздіктің ең маңызды ережесі – асықпау. Қоңырау қаншалықты сенімді көрінсе де, ақша аудармас бұрын немесе құпия деректі бермес бұрын ақпаратты басқа арна арқылы қайта тексерген дұрыс.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары