Malim.kz
MALIMet

Тау бөктеріндегі құрылыс су тапшылығын күшейте ме?

Алуа Әшірбекова

Алматы маңындағы тау бөктерінде туристік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жобаларға қатысты талқылауда су қауіпсіздігі мәселесі көтерілді. Қалада су ресурстарына түсетін жүктеме артып отырған тұста жаңа туристік нысандардың салынуы сумен қамту жүйесіне қосымша салмақ түсірмей ме деген сауал қойылды, деп хабарлайды Malim.kz. 

Бұл мәселені "Алматы Су" кәсіпорнының бас инженері көтерді. Ол жаңа құрылыс нысандары іске қосылған жағдайда су тапшылығы туындау қаупі бар-жоғын және жобалардың қаладағы сумен қамту жүйесіне ықпалын сұрады.

Сұраққа "Kazakh Tourism Development" компаниясының бас атқарушы директоры Ержан Еркінбаев жауап берді. Оның айтуынша, суға қатысты ықтимал тәуекелдерді бағалау үшін ғылыми институт мамандарымен бірлесіп, түрлі сценарийлер модельденген.

 Өте көп талқыланатын тақырыптың бірі – су мәселесі. Біз институтпен бірге үлкен жұмыс жүргізіп, түрлі ықтимал сценарийлерді модельдедік. Қарапайым тілмен айтқанда, болуы мүмкін ең қолайсыз жағдайдың барлығы бір мезетте болса, яғни барлық өзен бір арнаға қосылып, қалаға қарай ағатын болса да, қолданыстағы бөгет ең көп дегенде 15 пайызға дейін ғана толады, – деді Ержан Еркінбаев. Айтуынша, мамандар ықтимал тәуекелдерді бағалау кезінде ең ауыр жағдайды да қарастырған.

Жиында су қауіпсіздігімен қатар тау бөктеріндегі топырақтың тұрақтылығы мәселесі де қозғалды. Ержан Еркінбаев бұл бағытта ғылыми зерттеулер мен сараптамалардың маңызына тоқталып, топырақ жағдайын тиісті мамандардың бағалауы қажет екенін айтты.

Жобаға қатысты талқылауда су ресурстарының жеткіліктілігі ғана емес, табиғи аумақтың тұрақтылығы мен ықтимал төтенше жағдайлар да назарға алынатыны айтылды. Туристік инфрақұрылымды дамыту кезінде су, топырақ және экологиялық қауіпсіздік мәселелерін қатар қарастыру қажеттігі атап өтілді.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары