Malim.kz
Шоу-бизнес

"Тек әкеммен сөйлесер едім": Жұмабек Жанықұл өткенге оралса не істерін айтты

• Алуа Әшірбекова
Фото: malim.kz\ ЖИ арқылы өңделген

Кәсіпкер Жұмабек Жанықұл мен жұбайы, тележүргізуші Динара Жанықұлова өткен өмірінің қай кезеңіне оралғысы келетінін айтты. Ерлі-зайыптылар журналист Назеркенің сауалына "Заманback-2" фильмінің жабық көрсетілімінен кейін жауап берген, деп хабарлайды Malim.kz.

Сұхбат үзіндісі Instagram желісіндегі @chakirbayeva парақшасында жарияланған. Журналист жұптан: "Егер бір сәтке өткенге оралуға мүмкіндік болса, қай кезге барар едіңіздер және кімге не айтар едіңіздер?" деп сұраған.

Жұмабек Жанықұл бұл сұраққа жауап бере отырып, жақында өмірден өткен әкесін еске алды.

"Ойбай… Менің әкем жақында қайтқандықтан, әкеммен сөйлесетін едім қайта-қайта. Басқа нұсқа жоқ, тек әкеммен сөйлесетін едім", – деді кәсіпкер.

Ал Динара мектеп бітіретін шағына қайта барғысы келетінін жеткізді.

"Ал мен 1999 жылға, 11-сыныпқа қайтар едім. Өткенге қуана оралар едім. Бұл керемет қой, бірақ 1945 жылға емес", – деп күлді тележүргізуші.

Жазба авторы Динараның 1945 жылды не себепті атағанын түсіну үшін фильмді көруге кеңес берген.

"Заманback-2" не туралы?

Дархан Сәркенов түсірген "Заманback-2" фильмінде отбасы, әке мен бала арасындағы байланыс, махаббат пен достық тақырыптары қозғалады. Оқиға Азат есімді жігіттің төңірегінде өрбиді. Ол жұмбақ жағдайда 1992 жылға тап болып, әкесінің жас кезімен кездеседі. Әкесінің өткенін таныған сайын, өзінің де өмірге және жақындарына деген көзқарасы өзгере бастайды.

Сұхбаттан басталған таныстық

Көпшілікке Динара Сәтжан есімімен таныс тележүргізушінің Жұмабекпен жақын араласуы да сұхбаттан кейін басталған. Динара Әсел Ауылбековаға берген сұхбатында болашақ жұбайын бұған дейін сырттай танығанын, іскер азамат ретінде білетінін айтқан.

Оның сөзінше, кәсіпкермен сұхбаттасқаннан кейін екеуі жақынырақ таныса бастаған. Динара бұл сезімді бір көргеннен туған махаббат деп сипаттамайды. Ол Жұмабектің өзгелерге көмектесуге дайын тұратынын ерекше бағалайтынын жеткізген.

Кейінгі әңгімелерінің бірінде тележүргізуші жұбайының қамқорлығы өзін баурағанын айтқан. Жұмабектің оның көп жұмыс істейтініне алаңдап, демалуға шақыруы Динараға әсер еткен. Тележүргізушінің айтуынша, арадағы сезім уақыт өте тереңдей түскен.

Динараның қайта тұрмысқа шыққаны 2025 жылдың сәуірінде көпшілікке белгілі болды. Ол 3 сәуірде жұбайымен мешітте түскен суреттерін жариялаған. Кейін оның таңдауы кәсіпкер Жұмабек Жанықұлға түскені белгілі болды.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары