Петропавлда бірге тұратын әйелінің соққысынан ауыр жарақат алған 52 жастағы ер адам 10 күннен кейін ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды Malim.kz Qazaqstan Media-ға сілтеме жасап.
Мәліметке сәйкес, оқиға 7 ақпанда болған. Алдын ала деректер бойынша, ішімдік ішкен азаматтық некедегі жұп арасында жанжал шыққан. Кикілжің кезінде ер адам әйелді жүрек тұсынан ұрған.
Бұған жауап ретінде 58 жастағы әйел қолына түскен теледидар пультімен оның басынан бірнеше рет соққы жасаған.
Сол сәтте пәтерде олардың 35 жастағы танысы да болған. Айтылған мәліметтерге қарағанда, жанжалдан кейін олар ішімдік ішуді жалғастырған. Тек келесі күні ер адамның жағдайы күрт нашарлап, дәрігерлердің көмегіне жүгінген.
Дәрігерлер 10 күн бойы науқастың өмірі үшін күрескенімен, оны құтқарып қалу мүмкін болмады.
Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті 52 жастағы Петропавл тұрғынының өліміне әкелген денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 58 жастағы әйел күдікті ретінде ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр.