Malim.kz
Оқиға

Теміртауда мектеп маңында үш баланы тоқ соқты

Арман Қайыпхан
Фото: видеодан кадр

Теміртау қаласында салынып жатқан тұрғын үй кешендерінің бірінің аумағында үш кәмелетке толмаған баланы тоқ соқты. Аталған факті бойынша «Салғырттық» бабымен қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Malim.kz.

Оқиға бірнеше тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатқан учаскеде болған. Желіде тараған ақпаратқа сүйенсек, балалар қоршаудың арғы жағына түсіп кеткен допты алмақ болғанда тоққа түскен.

Әкімдіктің мәліметінше, аумақ қоршалған, бірақ бұған дейін қатты желдің салдарынан қоршаудың зақымдалу жағдайлары тіркелген.

Оқиғадан кейін бірден «РЭС» ЖШС коммуналдық желілерге қызмет көрсететін ұйым қосалқы станциядан электр қуатын ажыратты. Бүгінгі таңда учаске толықтай токтан ажыратылып, кабель желісін демонтаждау жұмыстары басталды, - деді Теміртау қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Нұржас Жакитай.

Әкімдік өкілдері атап өткендей, ауа райы қолайсыз болғаннан кейін мердігерге заң бұзушылықтарды, соның ішінде қоршау мен инженерлік желілерге қатысты кемшіліктерді жою қажеттігі туралы бірнеше рет ескерту жіберілген. Келісімшарт бұзылғаннан кейін нысанға қосымша тексерулер жүргізілген.

Қазіргі уақытта қауіпті кабельдің неліктен ертерек алынбағаны анықталып жатыр. Әкімдік бұл желі күзет бекеті мен құрылыс алаңын жарықтандыру үшін пайдаланылғанын түсіндірді.

Қарағанды облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі зардап шеккендердің барлығы ауруханаға жатқызылғанын хабарлады. Олардың жағдайы тұрақты деп бағалануда, қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Балаларда әртүрлі дәрежедегі жарақаттар анықталған.

Қалалық полиция басқармасының баспасөз қызметі «Салғырттық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізілуде. Қажетті сараптамалар тағайындалды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары