16 наурыз күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бастаған жұмыс тобы Түркістан облысының шекара маңындағы аудандарға арнайы барды. Бұл сапардың мақсаты өңір дамуымен танысу, жергілікті жерде атқарылып жатқан мемлекеттік бағдарламалардың барысын білу, оның ішінде ауыз және суармалы судың мәселесіне ден қою, әлеуметтік жағдайды анықтау болды. Осындай мақсатпен келген Ералы Тоғжанов Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Бағыс және Хиябон ауылдарының әлеуметтік нысандарының жағдайымен танысып, тұрғындарымен ашық кездесу өткізді. Ашық аспан астында, ауыл көшесінде ел аралап жүрген вице-премьермен кездесуде тұрғындар мемлекеттік бағдарламалардың атқарылуымен қатар ауылдардың өзекті мәселелерін көтерді. Жергілікті жұрттың мүлік пен жер учаскелерін тіркеу мүмкіндігінің жоқтығына қатысты айқан мәселесіне Ералы Тоғжанов ерекше назар аударды. Ауыл тұрғындарының сөзінше, егіншілік пен мал шаруашылығына арналған жерлер жетіспейді. Сондай-ақ, судың жетіспеушілігі де өткір мәселе болып тұр. Сонымен қатар ауылдарда газдың жоқтығы байқалады.