Тойға шақырту келгенде сыйлыққа беретін ақшаны есептейміз. Бірақ оған киім, жолақы, сән салоны мен басқа да шығын қосылуы мүмкін. Осы қаражатты алдын ала жоспарлау отбасылық бюджетке салмақ түсірмей, көлікке немесе баспананың алғашқы жарнасына ақша жинауға көмектеседі, деп хабарлайды Malim.kz.
Fingramota.kz отбасылық қаржыны жоспарлау үшін кіріс пен шығысты есептеп, ортақ мақсаттарды анықтауды ұсынады. Бұл тәсілді той мен мерекеге жұмсалатын ақшаға да қолдануға болады.
Сыйлықты ғана емес, бүкіл шығынды есептеңіз
Мысалы, бір тойға сыйлық ретінде 30 мың теңге, киімге 25 мың, жолға 5 мың, шаш пен макияжға 15 мың теңге жұмсалды делік. Сонда жалпы шығын 75 мың теңгеге жетеді.
Бұл – шартты есеп. Әр отбасының жағдайы әртүрлі. Дегенмен осындай шығынды жазып жүру ақшаның қайда кетіп жатқанын көруге көмектеседі. Кейде бюджетке салмақ түсіретін нәрсе сыйлықтың өзі емес, оған қосылатын ұсақ шығындар болуы мүмкін.
Той мен мерекеге бөлек қаражат бөліңіз
Алдағы айларда болатын үйлену тойы, мерейтой, туған күн сияқты шараларды күнтізбеге белгілеп қойыңыз. Оларға қажет соманы шамалап, бірнеше айға бөліп жинауға болады.
Мәселен, үш айдан кейінгі шараларға жалпы 90 мың теңге қажет болса, ай сайын 30 мың теңгеден бөлу шығынды бір жалақыға түсірмейді. Бірақ бұл сома азық-түлік, коммуналдық төлем және басқа міндетті қажеттіліктерге арналған ақшаны кемітпеуі керек.
Әр шараға жаңа киім алу шығынын қайта қараңыз
Тойға дайындалғанда бұрынғы киімді басқа аяқкиіммен немесе әшекеймен үйлестіру, жолға жақындармен бірге шығу секілді қарапайым амалдар көмектеседі.
Мысалы, жоспарланған шығыннан 20 мың теңге үнемделсе, оны бірден жинаққа аударыңыз. Күнделікті картада қалған ақша басқа сатып алуға оңай жұмсалып кетуі мүмкін.
Жинаққа нақты атау мен мерзім беріңіз
"Ақша жинау керек" деген ойды нақты жоспарға айналдырған дұрыс: қанша қаражат қажет және оны қай уақытқа дейін жинамақсыз?
Мысалы, мақсат – 24 айда 1,2 млн теңге жинау болса, ай сайын 50 мың теңге бөлу қажет. Мұндай есеп жинақ жоспарының табысыңызға сай келетінін бағалауға мүмкіндік береді.
Fingramota.kz қаржылық мақсаттарды отбасы мүшелерімен талқылап, жазып қоюды ұсынады.
Үнемделген қаражат қаншаға жетеді?
Бұл есепке депозит сыйақысы қосылмаған, бағаның өсуі де ескерілмеген. Кестедегі сома үйге немесе көлікке толық жетеді дегенді білдірмейді. Бірақ ол алғашқы жарнаның бір бөлігін құрауға немесе бұрынғы жинақты толықтыруға көмектесе алады.
Баспанаға арналған жинақтың мүмкіндігін зерттеңіз
Мақсатыңыз тұрғын үй болса, арнайы жинақ шарттарын қарастыруға болады. Отбасы банктің ресми мәліметінесәйкес, мемлекеттік сыйлықақы жылына 200 АЕК-тен аспайтын, сыйлықақымен ынталандырылатын жинақ сомасының 20%-ын құрайды. Бір адамның бірнеше тұрғын үй жинақ шоты болса, сыйлықақы олардың біреуіне ғана есептеледі.
Салым ашар алдында қаражатты алу, мемлекеттік сыйлықақыны сақтау және кейін несие рәсімдеу талаптарын оқып шыққан жөн.
Жақындардың қуанышына арналған шығын да, отбасының үлкен мақсаты да бюджетте өз орнын таба алады. Ол үшін әр шараның толық құнын есептеп, жұмсалатын соманы алдын ала белгілеу және үнемделген қаражатты жинаққа тұрақты аудару қажет.