Үйде розетка жетпей қалғанда бір ұзартқышқа бірнеше құрылғыны қатар қосып қою қалыпты жағдайға айналған. Тоңазытқыш, электр шәйнегі, микротолқынды пеш, телефон қуаттағышы – барлығы бір жерден қуат алып тұруы мүмкін. Алайда мұндай әдет өрт қаупін арттырады, деп хабарлайды Malim.kz.
Қазақстан Төтенше жағдайлар министрлігі бір розеткаға бірнеше қуатты құрылғыны қатар қосудан сақтануға шақырады. Әсіресе жылытқыш, шәйнек пен микротолқынды пешті бір ұзартқышқа жалғау электр желісіне шамадан тыс күш түсіруі мүмкін.
Шәйнек неге қауіпті?
Шәйнек шағын құрылғы болғанымен, қуатты көп қажет етеді. Electrical Safety First ұйымының мәліметінше, электр шәйнектерінің қуаты әдетте 2000–3000 Вт шамасында болады.
Сондықтан бір ұзартқышта шәйнекпен қатар микротолқынды пеш, жылытқыш немесе басқа қуатты техника жұмыс істесе, ұзартқыштың рұқсат етілген жүктемесі асып кетуі ықтимал.
Телефон қуаттағышын қосуға бола ма?
Қуаттағыш шәйнек сияқты қуатты құрылғылармен салыстырғанда электр энергиясын әлдеқайда аз тұтынады. Сондықтан мәселе бір розеткаға қанша құрылғы қосылғанында ғана емес, олардың жалпы қуатында.
Егер қосылған құрылғылардың жалпы жүктемесі ұзартқыштың мүмкіндігінен асып кетсе, сымдар мен аша қызуы мүмкін. Бұл оқшаулағыштың зақымдануына және өрт қаупінің артуына әкеледі.
Қауіпті қалай байқауға болады?
Розетка немесе ұзартқыштың қызуы, күйік иісінің шығуы, пластиктің қарайып не еріп кетуі, шытырлаған дыбыс пен автоматты ажыратқыштың жиі өшуі – елемеуге болмайтын белгілер.
Мұндай жағдайда құрылғыларды желіден ажыратып, ақаулы ұзартқышты пайдалануды тоқтатқан дұрыс.
Сондай-ақ бір ұзартқышты екіншісіне жалғау ұсынылмайды. Мамандар мұндай тәсіл розетка мен сымдардың қызып кету қаупін арттыратынын ескертеді.
Қарапайым ереже
Шәйнек, электр жылытқышы, микротолқынды пеш сияқты қуатты құрылғыларды бір ұзартқышқа қатар қоспаған дұрыс. Ұзартқышты пайдаланар алдында оның корпусында көрсетілген ең жоғары жүктемеге де назар аудару қажет.
Ал үйде ұзартқыш үнемі қажет болса, мәселені бірнеше адаптермен шешкеннен гөрі, электр маманына қосымша розетка орнатқан қауіпсіз.