Malim.kz
Саясат

Тоқаев алдағы климаттық қауіптер туралы ескертті

• Мадияр Қапанбек
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев алдағы жылдары әлемде ауа райының күрт өзгеруі, қуаңшылық пен табиғи апаттар қаупі артуы мүмкін екенін айтты. Президент мұндай жағдай Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне де әсер етуі ықтимал екенін ескертті, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің үшінші форумында сөйлеген сөзінде климаттың өзгеруі әлем экономикасы мен ауыл шаруашылығына айтарлықтай қауіп төндіретініне тоқталды. Мемлекет басшысының айтуынша, халықаралық сарапшылар келесі жылға қатысты түрлі болжамдар жариялап жатыр. Олардың кейбірі 2027 жылы жаһандық температураның айтарлықтай жоғарылауы мүмкін екенін алға тартуда.

"Кейбір сарапшылардың пікірінше, 2027 жыл өте ыстық болуы мүмкін", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент климаттық өзгерістердің салдары тек ауа температурасының жоғарылауымен шектелмейтінін атап өтті. Оның сөзінше, ауа райының күрт құбылуы қуаңшылыққа, орман және дала өрттеріне, сондай-ақ су тасқынына әкелуі ықтимал. Мұндай табиғи құбылыстар ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісіне кері әсер етіп, халықаралық азық-түлік жеткізу жүйесіне қиындық туғызуы мүмкін.

"Ауа райындағы ауытқулар қуаңшылыққа, өртке, су тасқынына душар етуі, соның салдарынан жаһандық азық-түлік қауіпсіздігі қиындыққа тап болып, әлемдік жеткізу тізбегі бұзылуы ықтимал", – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев ауыл шаруашылығы саласын дамыту және су ресурстарын тиімді басқару кезінде климаттық тәуекелдерді міндетті түрде ескеру қажеттігін айтты. Президенттің пікірінше, елімізде бұл бағыттағы жұмыстар басталғанымен, олардың жүзеге асу қарқыны әлі де жеткіліксіз.

"Біз бұл мәселені енді қолға алып жатырмыз. Бірақ жүрісіміз баяу. Өйткені еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ең маңызды міндет", – деді Президент.

Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығына жасанды интеллект технологияларын енгізудің маңызын да атап өтті. Мұндай технологиялар климаттық тәуекелдерді бағалау мен ауыл шаруашылығын жоспарлауда пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар Президент Астанада Ислам ынтымақтастығы ұйымы аясында азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерімен айналысатын халықаралық ұйымның штаб-пәтері орналасқанын еске салды. Оның айтуынша, салалық министрлік аталған ұйыммен бірлесіп, әлемдегі климаттық және экономикалық жағдайды ескере отырып, Қазақстан мен серіктес мемлекеттерге арналған нақты ұсынымдар әзірлей алады.(

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары