Malim.kz
Саясат

Тоқаев Ақордада Сердар Бердімұхамедовті қарсы алды

Айбын Атабай
Ақорда

Ақордада Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге мемлекеттік сапармен келген Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедовті қарсы алды, деп хабарлайды Malim.kz.

Алдымен Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.

Осыдан кейін мәртебелі мейманның сапарына орай салтанатты рәсімдер залында сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.

Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Түрікменстан Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді.

Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді. Сонан соң Мемлекет басшылары құрметті қарауыл сапының бойымен жүрді. Құрметті қарауыл бастығымен қоштасты.

Қазіргі уақытта жоғары деңгейде келіссөздер басталды. Оның барысында тараптар Қазақстан мен Түрікменстан арасындағы стратегиялық серіктестікті нығайту перспективасын талқылайды. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары