Malim.kz
Саясат

Тоқаев: «Бейнеу – Сексеуіл» жолы Қытай мен Еуропаны жалғайтын «алтын көпір» болады

Айбын Атабай
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Бейнеу – Сексеуіл» бағытындағы 800 шақырымдық жаңа автожол құрылысының басталғанын айтып, оны халықаралық маңызы бар жоба деп атады.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл жол Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау және Құрық порттарымен тікелей байланыстырып, Қытай мен Еуропа арасындағы жүк тасымалының қашықтығын 1000 шақырымға, жеткізу уақытын 3 тәулікке дейін қысқартады. Осыған байланысты жаңа бағытқа «Арал–Каспий магистралі» атауын беруді ұсынды.

Сонымен қатар ұзындығы 774 шақырым болатын «Қызылорда – Сексеуіл» және «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын жаңғырту жұмыстары басталды. Құрылысқа 10 мыңнан астам адам жұмылдырылады. Жобалар аяқталғаннан кейін жүк тасымалы 2,5 есеге артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді.

Президенттің айтуынша, бұл бастамалар Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттырып, елді Еуропа мен Азияны байланыстыратын маңызды логистикалық орталыққа айналдыруға мүмкіндік береді. Жол құрылысы 2029 жылға дейін аяқталуы тиіс.

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары