Malim.kz
Саясат

Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясына үндеу жолдады

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының орнықты даму мақсаттарына орай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған сессиясына үндеу жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Жоғары мәртебелі! Құрметті делегаттар! Орнықты даму мақсаттарына сай Халықаралық еріктілер жылын жариялауға арналған алқалы жиында сөз сөйлеу – мен үшін зор мәртебе.

Бұл айтулы уақиға еріктілердің рөлін күшейтуге, олардың ұлттық және жаһандық прогреске қосатын үлесін еселеуге бағытталған ортақ ұмтылысымызды көрсетеді.

Қазақстан халықаралық серіктестермен тығыз ынтымақтастық жасай отырып, осы бастаманы көтерді.

Еріктілер қозғалысы Орнықты даму мақсаттарына жету жолындағы азаматтық белсенділік пен прогреске ықпал ететін ізгі амалдың жасампаздық қуатына айналарына кәміл сенеміз.

Қазіргідей алмағайып заманда еріктілер адам өмірін сақтау, қиындыққа душар болған жандарға жәрдемдесу, қоғамдағы сенім мен ынтымақты нығайту арқылы аса маңызды миссия атқарып келеді.

БҰҰ Еріктілер бағдарламасы дүние жүзінің әр қиырында қызмет етеді. Әлемнің түкпір-түкпіріндегі адамдарды бір мақсатқа жұмылдырады.

Жер-жаһандағы миллиондаған адам Ұйымнан бөлек те волонтерлік қызметке атсалысады.

Қазақстанда еріктілер қозғалысы қоғамдық өмірдің ажырамас бөлшегіне айналды

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы қоршаған ортаны қалпына келтіруге, экологиялық жауапкершілік мәдениетін дәріптеуге үлес қосқысы келетін мыңдаған азаматты біріктірді. Бұл жоба БҰҰ-ның орнықты даму саласындағы жаһандық бастамаларымен үндеседі.

Осы орайда Алматы қаласын Біріккен Ұлттар Ұйымының қолдауымен халықаралық ынтымақтастық хабына айналдыру ниетін құптаймыз. Орталық Азия мен Ауғанстанға арналған Орнықты даму мақсаттары жөніндегі БҰҰ Өңірлік орталығының құрылуы осындай мүмкіндікке жол ашты.

Бұл ретте Алматыда БҰҰ Еріктілер бағдарламасының субөңірлік кеңсесінің ашылуы Қазақстанның азаматтық белсенділікті және жаһандық серіктестікті дамытуға бейіл екенін көрсетеді.

Аталған бастамалар әлемдегі сын-қатерлерді бірлескен күш-жігер мен өзара сенімнің арқасында еңсеруге болатынын растайды.

Барша елдің еріктілерін БҰҰ-ның қоршаған ортаны қорғау, әлеуметтік интеграция және жастарды қолдау бағытындағы бастамаларына қосылып, өзара тәжірибе алмасуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырамыз.

Қазақстан БҰҰ Еріктілер бағдарламасына ризашылығын білдіреді. Сонымен қатар жастардың, әйелдердің және шалғай аймақ тұрғындарының мүмкіндіктерін кеңейту үшін серіктестік аясын кеңейтуге үндейді.

Биыл Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылғанына 80 жыл толды. Осы маңызды кезеңде баршаңызды әділ әрі жасыл әлем қалыптастыру жолында ынтымақ-бірлігіміздің берік екенін көрсетіп, адамзат игілігі үшін бірлесіп әрекет етуге шақырамын.

Қазақстан айтулы жыл аясында және одан кейінгі кезеңдерде де әлеуметтік маңызы бар еріктілер қызметін қолдау үшін БҰҰ-ға мүше барлық мемлекетпен және азаматтық қоғаммен ынтымақтаса жұмыс істеуге әрдайым дайын. 

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары