Malim.kz
Саясат

Тоқаев: Елде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет

• Алуа Әшірбекова
Фото: t.me/aqorda_resmi

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халық мүддесіне бағытталған реформаларды жалғастыру үшін елдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау маңызды екенін айтты. Мемлекет басшысы Қазақстанға зиян келтіруге тырысатын кез келген адам заңға сәйкес жауапқа тартылатынын мәлімдеді, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент: "Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет".

Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің этносаралық және дінаралық келісім саясатына және "Бірлігіміз – әралуандықта" қағидатына бейіл екенін мәлімдеді.

Халық мүддесі жолындағы реформаларды табысты жалғастыру үшін ел ішінде бейбітшілік пен тұрақтылық болуы қажет. Қазақстанға жамандық тілеп, іс-әрекеті арқылы зиян келтіруге тырысатын кез келген адам «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес жауапқа тартылуға тиіс әрі солай болады. Елімізде заң мен тәртіп үстемдік құруы қажет. Қазақстан – бейбіт мемлекет. Біз бейбітшілік пен қауіпсіздікті нығайтуға үлес қосу үшін көршілес мемлекеттермен, сондай-ақ осыған мүдделі әлемдегі ірі немесе шағын елдердің барлығымен ынтымақтастықты нығайта береміз, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев Qarmet компаниясының мықты өндірістік базасы "Халықтық құрылыста" зор рөл атқаратынына сенім білдірді.

Қазірдің өзінде Қазақстанның темірі құрылыста және өнеркәсіпте кеңінен қолданылады. Оны тұтыну көлемі арта беруге тиіс. Комбинат өнімі Саран қаласында жолаушылар автобусын шығаруға пайдаланылады. Жаңа құю-илемдеу кешені бой көтеріп жатыр. Мұнда келешекте болаттың мұнай, атом және машина жасау өнеркәсібінде сұранысқа ие өте сапалы түрлері шығарылады, – деді Президент.

Алуа Әшірбекова
Автордың басқа материалдары