Malim.kz
Саясат

Тоқаев G20 саммиті аясында АҚШ-қа баратынын мәлімдеді

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы АҚШ Конгресінің сенаторы Стив Дэйнсті қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Кездесуде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сенатор Стив Дэйнсті АҚШ тәуелсіздігінің 250 жылдығымен құттықтады.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы көпжоспарлы ынтымақтастықтың даму қарқынын жоғары бағалады. Сауда-экономикалық және инвестициялық ықпалдастықтың орнықты өсіміне назар аударылды.

Президент былтыр қараша айында АҚШ-қа сапары барысында қол қойылған екіжақты келісімдерді сапалы жүзеге асырудың маңызын атап өтті.

Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев жыл соңында Майамиде өтетін G20 саммитіне қатысу үшін АҚШ-қа жасайтын сапары аясында екіжақты ықпалдастықты одан әрі тереңдетуге дайын екенін айтты.

Мемлекет басшысы Қазақстан мен Құрама Штаттар арасындағы кеңейтілген стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлес қосқаны, сонымен бірге Джексон-Вэник түзетулерінің күшін жою жөніндегі заңнамалық бастаманы ілгерілету мәселелері бойынша елімізді ұдайы қолдап келе жатқаны үшін сенаторға ризашылығын білдірді.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары