Malim.kz
Саясат

Тоқаев Германиямен инвестициялық серіктестіктің жаңа форматын ұсынды

• Мадияр Қапанбек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Германияның жетекші іскерлік қауымдастықтары мен қаржы институттарының басшыларымен кездесу барысында қазақ-герман инвестиция-қаржы платформасын құруды ұсынды, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысының айтуынша, жаңа тетік Германия мен Еуропаның капиталын Қазақстанға тартуға және оны отандық тараптың қоса қаржыландыруы, кепілдік беруі мен тәуекелдерді бөлісу құралдарымен ұштастыруға мүмкіндік береді.

Бұл бағытта "Бәйтерек" холдингі мақсатты жобаларды құрылымдауға қатысады. Сонымен қатар Қазақстан экспортты кредиттеу және инвестицияларды сақтандыру саласында жұмыс істейтін германиялық қаржы институттарымен ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделі.

Президент Қазақстанда қызметін бастаған Euler Hermes компаниясымен әріптестікке де ерекше мән берілетінін атап өтті.

Кездесуде аса маңызды шикізат материалдары саласындағы ынтымақтастық мәселесі де қозғалды. Қазақстан Германияның Шикізатпен қамтамасыз ету қорымен байланыс орнатуға және неміс өнеркәсібіне қажет шикізатты жеткізуге бағытталған жобаларды дамытуға мүдделі.

Бұдан бөлек, энергетика мен өнеркәсіпті жаңғырту, жаңартылатын энергия көздерін дамыту және «жасыл» сутегі жобаларын жүзеге асыру мәселелері талқыланды.

Мемлекет басшысының айтуынша, Еуропа инвестициялық банкі мен Қазақстанның Даму банкі Германия капиталының қатысуымен осы бағыттарда өзара тиімді жобаларды іске асыра алады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары