Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде сот жүйесі мен құқық қорғау саласындағы түбегейлі реформалармен қатар ауқымды экономикалық өзгерістер жүріп жатқанын айтты.
– Мұның мемлекетіміз үшін маңызы айрықша. Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр, – деді Мемлекет басшысы.
Қ. Тоқаев отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулерде билік пен бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керегіне, өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе іздеуіне назар аударатынын айтты.
– Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс, – деді Президент.
Айта кетейік, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын.