Malim.kz
Саясат

Тоқаев: ЮНЕСКО-мен байланысымызды одан ары дамытуға мүдделіміз

Айбын Атабай
Ақорда

Қазақстан ЮНЕСКО-мен байланысын одан ары дамытуға мүдделі. Бұл туралы елордадағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатқан «Алтын Орда — дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты Халықаралық симпозиумда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды Malim.kz. 

— Бүгінгі жиынға ЮНЕСКО-ның жоғары деңгейдегі өкілі, Бүкіләлемдік мұралар қорының директоры Элунду Ассомо Лазар мырза бастаған делегация қатысып отыр. Жалпы, еліміз ЮНЕСКО-ның қолдауымен көптеген маңызды жобаны жүзеге асырды. Нақты айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, Тамғалы тас петроглифтері, сондай-ақ бірнеше көне қала бүкіләлемдік мұралар тізіміне енді, — деді Президент.

Мемлекет басшысы ұлтымыздың материалдық емес мәдени мұраларын дәріптеу бағытында да ауқымды жұмыс істелгенін айтты.

— Мәселен, былтыр ғана «Хандар шежіресі» деп аталатын бірегей қолжазба әлемдік деңгейде мойындалды. Бұл — ел билеген тұлғалар туралы мәліметтерді топтастырған, соның ішінде Алтын Орда кезеңін қамтыған құнды құжат. Сондықтан біз байланысымызды одан ары дамытуға мүдделіміз. Бұл — өзара тиімді, маңызды шаруа, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Симпозиум барысында Президент Алтын Орда Батыс пен Шығысты жалғап, түрлі өркениеттердің дамуына, мемлекеттердің қалыптасуына ерекше ықпал еткен аса ірі саяси құрылым болғанын айтты. 

Айбын Атабай
Автордың басқа материалдары