Malim.kz
Саясат

Тоқаев мәслихат депутаттарының сайлауында дауыс берді

• Мадияр Қапанбек
Қасым-Жомарт Тоқаев. Фото: Ақорда

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауына қатысып, дауыс берді. Мемлекет басшысы Астанадағы Тәуелсіздік сарайында орналасқан сайлау учаскесіне барды, деп хабарлайды Malim.kz.

29 қарашада Қасым-Жомарт Тоқаев елордадағы №520 сайлау учаскесіне келіп, дауыс берді. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

"Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасы мәслихаттары депутаттарын кезектен тыс сайлауға қатысып, Тәуелсіздік сарайында орналасқан №520 сайлау учаскесінде дауыс берді", – делінген ресми хабарламада.

Сайлаушылардың 45 пайыздан астамы дауыс берді

Орталық сайлау комиссиясы 29 қараша күні сағат 14:00-дегі жағдай бойынша дауыс беруге қатысқан азаматтардың үлесін жариялады. Ұсынылған мәліметке сәйкес, осы уақытқа дейін сайлаушылардың 45,46 пайызы дауыс берген.

Ең жоғары белсенділік Жетісу облысында тіркелген. Мұнда сайлаушылардың 58,35 пайызы өз таңдауын жасаған. Одан кейін Түркістан облысы – 56,91 пайыз және Қызылорда облысы – 56,38 пайыз көрсеткішпен тұр. Ал ең төмен белсенділік Алматы қаласында байқалған. Онда сайлаушылардың 25,72 пайызы дауыс берген.

Шымкентте бұл көрсеткіш 32,74 пайызды, ал Астанада 33,27 пайызды құрады.

Қазақстанда 3 447 депутат сайланады

29 қарашада елімізде барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтіп жатыр. Орталық сайлау комиссиясының мәліметінше, қазақстандықтар 228 мәслихатқа 3 447 депутат сайлайды.

Сайлаушылар тізіміне 12,6 миллионнан астам азамат енгізілген.

Мәслихат депутаттары өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді қарап, жергілікті бюджетті бекітуге және оның орындалуын бақылауға қатысады.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары