Malim.kz
Саясат

Тоқаев мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мәселесін көтерді

Мадияр Қапанбек
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату мүмкіндігі туралы айтты, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысының сөзінше, жергілікті өкілді органдардағы депутаттардың басым бөлігі бұған дейін "Amanat" партиясының атынан сайланған. Ал партияның "Әділет" партиясына қосылуына байланысты мәслихат депутаттарының қазіргі өкілеттігіне қатысты мәселе туындаған.

Президент бұл мәселені жақын уақытта Премьер-министрмен және Құрылтай төрағасымен талқылайтынын жеткізді.

"Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек. Бұл қадам мәслихаттардың білікті әрі кәсіби корпусын қалыптастыруға жол ашып, оның жұмысына тың серпін береді", – деді Президент.

Қолданыстағы заңнама бойынша мәслихаттардың өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда кезектен тыс сайлау өткізіледі.

Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесін елде бұрын болмаған жаңа институт деп атаған болатын.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары