Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жас офицерлермен кездесуде әскери оқу орындарының үздік түлектеріне көрсетіліп отырған қолдау мен олардың жауапкершілігі туралы айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, былтыр әскери жоғары оқу орындарының үздік түлектеріне «лейтенант» емес, бірден «аға лейтенант» шенін беру жөнінде бастама көтерілген болатын.
«Мен былтыр әскери оқу орындарының үздік түлектерін қолдау жөнінде бастама көтердім. Оларға қалыптасқан дәстүрге сай “лейтенант” емес, “аға лейтенант” шенін тапсыру қажет екенін айттым. Соған сәйкес нақты тапсырма бердім. Міне, бүгін осы бастама нақты жүзеге асырылмақ. Сіздер оқуды бітіріп, бірден “аға лейтенант” шенін алатын тұңғыш түлек боласыздар. Бұл – өздеріңізге артылған зор сенім және үлкен жауапкершілік», – деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев жас офицерлерді әскери атақтан бұрын ел алдындағы адал қызмет пен жоғары жауапкершілікке мән беруге шақырды.
«Қазақтың біртуар батыры Сағадат Нұрмағамбетовтің “атақты алғаннан оны арқалап жүру қиын” деген сөзі бар. Шын мәнінде, нағыз сарбаздың абырой-беделі оның шенімен емес, ең алдымен, Отан алдындағы мінсіз қызметіне қарай өлшенеді», – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, әскери қызметкерлер жастарға үлгі болып, антқа адал болуы қажет.
«Көптеген жастарымыз сіздерге қарап бой түзейді, үлгі алады. Бәріңіз де антқа адал болып, қазақ сардары деген атаққа әрдайым лайық боласыздар деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы озат түлектердің ата-аналарына алғыс айтып, олардың елге адал қызмет ететін азамат тәрбиелеудегі еңбегін ерекше атап өтті.
«Бүгін алқалы жиынға озат түлектердің ата-аналары да қатысып отыр. Сіздер Қазақстанның дәл осындай отаншыл азаматтарына тәлім-тәрбие бердіңіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін», – деді Президент.
Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев жас офицерлерді алғашқы әскери шендерінің берілуімен құттықтап, қызметтеріне табыс тіледі.
«Жас офицерлердің алғашқы әскери шені құтты болсын! Қызметтеріңізге табыс тілеймін! Туымыз әрдайым көкте желбіресін! Қазақ елі мәңгі болсын!» – деді Мемлекет басшысы.