Malim.kz
Саясат

Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға шақырды

Арман Қайыпхан
Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шарифпен келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Malim.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шарифтің келіссөздері екі ел делегацияларының қатысуымен кеңейтілген құрамда жалғасты.

Президент Исламабадқа келіп, Пәкістанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлерімен танысуды зор мәртебе санайтынын атап өтті.

Қазақстан Президенті ретінде Пәкістанға бірінші рет мемлекеттік сапармен келіп отырмын. Бұл сапар тарихи мәнге ие және уақыт тезінен өткен серіктестігіміздің маңызды кезеңі саналады. Мен бұған сенімдімін. Халықтарымыздың Жібек жолы арқылы және кең таралған ислам өркениеті аясында ғасырлар бойы қалыптасқан достығын жоғары бағалаймын, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы аталған сапар дипломатиялық қарым-қатынастың орнағанына 34 жыл толуымен тұспа-тұс келгеніне тоқталып, мұның символдық мәніне назар аударды.

Президенттің айтуынша, Пәкістан – Қазақстанның тәуелсіздік алған алғашқы жылдардан бері Оңтүстік Азиядағы маңызды әрі сенімді серіктесі.

Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін қол қойылатын Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен декларация өзара ықпалдастыққа жол ашатын маңызды тарихи межені айқындайтынын айтты.

Мемлекет басшысының пікірінше, Астана мен Исламабад екіжақты байланыстар мен ынтымақтастыққа тың серпін беретін мүмкіндікке ие.

Президент Пәкістанға үлкен делегациямен және сауда-экономикалық, инвестициялық ынтымақтастықты, сондай-ақ басқа да басым салалардағы ықпалдастықты арттыруға бағытталған нақты ұсыныстармен келгенін атап өтті.

Кездесуде көлік бағыттарын өзара ұштастыруға ерекше мән берілді. Бұл – Қазақстанның негізгі басымдықтарының бірі. Еліміз Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті жалғайтын тоғыз жолдың торабында орналасқан.

Президенттің айтуынша, Қазақстан Орталық Азия елдерімен үйлесімді қарым-қатынас жасау арқылы көлік-логистика саласындағы нақты жобаларды жүзеге асыруды жалғастырады.

Қасым-Жомарт Тоқаев Пәкістан Премьер-министрін Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды. Сондай-ақ бүгінгі уағдаластықтардың жүзеге асырылуын пысықтау және екіжақты қарым-қатынасты нығайтудың алдағы қадамдарын айқындау үшін мәртебелі мейманды биыл қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

Кездесуде атап өтілгендей, Қазақстан мен Пәкістанның көпжақты алаңдарда, соның ішінде БҰҰ, ШЫҰ және басқа да ұйымдар аясында тығыз ықпалдастықты жалғастыруы маңызды.

Шахбаз Шариф Қазақстан Президентін Исламабадта ыстық ықыласпен қарсы алды

Елімізге арнайы уақыт тауып келгеніңіз үшін Сізге алғыс айтамыз. Пәкістан халқымен, Үкіметімен бірге Сізді қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан – біздің стратегиялық серіктесіміз. Достығымызды нығайтып, экономиканың түрлі бағыттарында, саясат, қорғаныс салаларында сенімді серіктестік орнату, сондай-ақ сауда дәліздерін қалыптастыру мақсатында Қазақстан Үкіметімен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істегіміз келеді. Бұған күмәніңіз болмасын, – деді Премьер-министр.

Шахбаз Шарифтің айтуынша, Пәкістан мен Қазақстанның сауда-экономикалық ынтымақтастықты, соның ішінде энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, көлік, цифрландыру салаларындағы серіктестікті дамытуда әлеуеті жеткілікті.

Премьер-министр екіжақты қарым-қатынастың барлық бағыты бойынша нақты әрі елеулі прогресс қажет екеніне назар аударды.

Келіссөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шахбаз Шариф екі ел халықтарының игілігі үшін сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге мүдделі екенін растады.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары