Malim.kz
Саясат

Тоқаев Паралимпиада чемпионы Ербол Хамитовты құттықтады

Арман Қайыпхан
Фото: ҰОК

Мемлекет басшысы биатлоншы Ербол Хамитовты Италияда өтіп жатқан қысқы Паралимпиада ойындарының жеңімпазы атануымен құттықтады, деп хабарлайды Malim.kz.

Президент спортшының табанды еңбек пен ерік-жігердің арқасында қиын жолды еңсеріп, керемет жетістікке қол жеткізгенін атап өтті. Бұл – шынайы құрметке лайық.

Қазақстан құрама командасының ту ұстаушысы бұған дейін шаңғы жарысынан Паралимпиаданың қола жүлдегері атанған болатын.

Қасым-Жомарт Тоқаев Ербол Хамитовке жарқын жеңіс, қажымас қайрат және зор денсаулық тіледі.

Айта кетейік, Ербол Хамитов парабиатлоннан 4,5 км қашықтықтағы із қуу жарысында (отырып жарысатын спортшылар арасында) үздік нәтиже көрсетті. Финалдық кезеңде ол 9 минут 39,0 секунд уақыт көрсетіп, жарысты бірінші болып аяқтады.

Бұл – спортшының осы Паралимпиада ойындарындағы екінші медалі. Бұған дейін ол парашаңғы жарысында 1500 метрлік классикалық спринтте қола жүлдеге ие болған еді. Ербол Хамитов – Kozybayev University-дің 4-курс студенті, «Дене шынықтыру және спорт» мамандығында білім алады.

Айта кету керек, спортшы халықаралық аренада да бірқатар жоғары нәтижелерге қол жеткізген. Мысалы 2023 жылы Ербол Хамитов отырып жарысатын спортшылар арасында шаңғы жарысының спринт түрінен әлем чемпионы атанса, 2025 жылы 12,5 км қашықтықтағы жеке жарыста әлем чемпионы болып, парабиатлоннан Әлем кубогының жалпы есебінде жеңімпаз атанды.

Арман Қайыпхан
Автордың басқа материалдары