Мемлекет басшысы Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитетінің төрағасы Чжао Лэцзиді қабылдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесуде қазақ-қытай мәңгі жан-жақты стратегиялық әріптестікті нығайту, парламентаралық диалогты кеңейту, сондай-ақ мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастық перспективасы талқыланды.
Бүгінде халықтарымыздың арасындағы тарихи достық байланыстары өзара сенім және шынайы көршілестік рухында ойдағыдай дамып жатыр. Қытай әрдайым Қазақстанға қолдау көрсетіп келеді. Сол үшін біз Қытай халқына, оның басшылығына және әрине, Төраға Си Цзиньпин мырзаға шынайы алғысымызды білдіреміз. Біз үшін қазақ-қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестігін ұдайы негізде нығайту өте маңызды. 2025 жыл екіжақты қарым-қатынасымыздағы тарихи әрі теңдессіз кезең болды. Өзара сапарлар сан қырлы ынтымақтастығымызды тереңдетуге мықты серпін берді. Маңызды жетістіктеріміздің бірі – өзара сауда-саттық көлемі рекордтық деңгейге, яғни, 49 миллиард долларға жетті. Қытай дәстүрлі түрде Қазақстанның ең ірі инвесторларының тобына кіреді. Қытайлық инвестициялардың жиынтық көлемі 29 миллиард доллардан асты. Жақында мен Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді ратификациялайтын заңға қол қойдым. Бұл құжат инвестициялық ынтымақтастығымыздың дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.