Malim.kz
Саясат

Тоқаев Садыр Жапаровты Қырғызстанның Тәуелсіздік күнімен құттықтады

Мадияр Қапанбек
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Садыр Жапаров. Фото: t.me/bort_01

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның Тәуелсіздігіне 35 жыл толуына орай Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаровқа құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды Malim.kz.

Мемлекет басшысы бұл мерекенің қырғыз халқы үшін тарихи маңызы зор екенін атап өтті. Оның сөзінше, Қырғызстан тәуелсіздік жылдарында мемлекеттілігін нығайтып, орнықты даму жолынан өтті.

"Бұл айтулы мереке қырғыз халқының еркіндікке, дербестік пен тәуелсіздікке ұмтылысын айшықтайды. Осы жылдар ішінде Қырғызстан ел болып еңсе тіктеуден бастап, орнықты дамуға дейінгі жолды абыроймен еңсерді", – делінген құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қырғызстанның рухани мұрасын сақтап, халықаралық аренадағы беделін арттырғанын да атап өтті. Бұған елдің 2027-2028 жылдары БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі болып сайлануын мысалға келтірді.

Сондай-ақ жеделхатта Қазақстан мен Қырғызстанды ғасырлар бойы қалыптасқан достық, тату көршілік және бауырластық қарым-қатынас байланыстыратыны айтылған.

Президент екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық алдағы уақытта да қос халықтың игілігі үшін нығая беретініне сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Садыр Жапаровқа мемлекеттік қызметінде табыс, ал Қырғызстан халқына құт-береке мен өркендеу тіледі.

Мадияр Қапанбек
Автордың басқа материалдары