Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті қабылдап, шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы жөніндегі есебін тыңдады, деп хабарлайды Malim.kz.
Кездесуде қала әкімі өткен жылы Шымкенттің өңірлік жалпы өнімі 5,7 триллион теңгеге жетіп, 11 пайызға артқанын айтты. Бұл көрсеткіш бойынша қала өңірлер арасында екінші орынға шыққан. Сондай-ақ 2025 жылы экономикаға 859,5 миллиард теңге инвестиция тартылып, оның 72 пайызы жеке сектордың үлесіне тиесілі болған.
Ғабит Сыздықбеков соңғы үш жылда өнеркәсіп саласында құны 170 миллиард теңгені құрайтын 50 жоба іске қосылып, 3,5 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылғанын баяндады. Белсенді кәсіпкерлік субъектілерінің саны 133 мыңға жетіп, олардың өндірген өнім көлемі 4,7 триллион теңгені құраған.
Әкімнің айтуынша, биылғы алғашқы төрт айда да негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің оң өсімі сақталған. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор 10,4 пайызға өсіп, әсіресе өнеркәсіп, құрылыс, сауда және көлік салаларында жоғары қарқын байқалған.
Кездесу барысында Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы да таныстырылды. Қазіргі уақытта Шымкентте 200 орындық заманауи перинаталдық орталық салынып жатыр. Сонымен қатар биыл 150 орындық оңалту орталығын пайдалануға беру жоспарланған.
Бұдан бөлек, қалада 35 мың көрерменге арналған стадион мен паралимпиадалық, сурдлимпиадалық спорт түрлері және боччаға арналған мамандандырылған кешендердің құрылысы жүргізілуде. Білім беру, денсаулық сақтау және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық салаларына жасанды интеллект технологияларын енгізу жұмыстары да жалғасып жатыр.
Кездесу қорытындысында Қасым-Жомарт Тоқаев Шымкент қаласын одан әрі дамыту және тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында бірқатар нақты тапсырма берді.