Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге ресми сапармен келген Черногория Президенті Яков Милатовичті Тәуелсіздік сарайында қарсы алды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тәуелсіздік сарайында Президенттер бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды.
Бұдан кейін мәртебелі мейманның ресми сапарына орай сап түзеген құрмет қарауылының бастығы Мемлекет басшыларына сәлемдік баянат берді. Президент оркестрі екі елдің мемлекеттік Әнұранын орындады.
Әнұрандарды тыңдап болғаннан кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Черногория Президенті кілемше бойымен Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туына қарай жүрді. Оның алдына келгенде мейман тоқтап, басын сәл иіп, өзінің құрметін білдірді.
Ресми қарсы алу рәсімінен кейін Мемлекет басшыларының қатысуымен шағын құрамдағы келіссөз басталды.
Айта кетейік, 18-20 маусым күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Черногория Президенті Яков Милатович Қазақстанға ресми сапармен келетінін жазғанбыз.